- Басты бет
- Жаңалықтар
- ТОПТЫ ЖАРҒАН ТОҒЫЗ («ХХ ғасыр көкжиегіндегі үш бәйтерек» тақырыбында өткен республикалық байқау туралы)
ТОПТЫ ЖАРҒАН ТОҒЫЗ («ХХ ғасыр көкжиегіндегі үш бәйтерек» тақырыбында өткен республикалық байқау туралы)
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы және Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі, Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен 2024 жылдың наурыз айының 1-24 аралығында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «ХХ ғасыр көкжиегіндегі үш бәйтерек» тақырыбында республикалық байқау өтті. Байқаудың мақсаты – Алаш қайраткерлері, ақын, жазушы қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллиннің қазақ тілі мен әдебиетіне, публицистикасына қатысты мұраларын зерттеу, насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру болатын. Байқаудың үш бағыты – эссе, арнау, мақала бойынша барлығы 100-ге жуық жұмыс келіп түсті. Байқаудың Ережесіне сай 60 жұмыс қабылданып, 9 жұмыстың иесі үздіктер қатарынан көрінді. Республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Тараз, Арқалық, Өскеменнен үміткерлер қатысты.
Байқауға қатысушылардың жұмыстарын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушы-профессорларынан құрылған комиссия құрамы тексеріп, саралады. Жеңімпаздарды марапаттау 2024 жылдың 29 наурызында әл-Фараби кітапханасының ҚР Тұңғыш Президенті залында офлайн және онлайн форматта өтті. Марапаттау рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің президенті Анар Салқынбай жүргізді. Сонымен қатар жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне әл-Фараби университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлкебаева Дина Ақбергенқызы, Қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сарбасов Болатхан Серғазыұлы қатысып, Алаш тұлғалары туралы тың деректермен бөлісіп, байқау жеңімпаздарын құттықтады. Жалпы байқаудың марапаттау рәсіміне жеңімпаздар, әл-Фараби университетінің ОПҚ, студенттері мен докторанттары қатысты.
Арнау жанры бойынша 1-орынды Тараз қаласы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 1-курс студенті Абдралиев Мадияр Мақсатұлы, 2-орынды Қарағанды қаласы №36 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Талғат Альмира Талғатқызы, 3-орынды Ақтөбе облысы Темір ауданы №2 Шубарқұдық қазақ-орыс мектебінің оқушысы Серік Бекарыс Мақсатұлы иеленді.
Эссе бойынша бірінші орынды Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті Ернатқызы Аяулым, 2-орынды Тараз қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Рамазан Жұлдыз Ерболатқызы, 3-орынды Абай облысы Семей қаласы №16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Кәкімқызы Балнұр жеңіп алды.
Мақала бойынша 1-орынды Арқалық қаласы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 4-курс студенті Еркінқызы Гүлнұр, 2-орынды Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Саргулова Динара, 3-орынды Тараз қаласы, М. Мақатаев атындағы №14 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Абилхан Толғанай жеңіп алды. Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, әл-Фараби университетінің атаулы қойындәптері және ғалым Мархабат Томанов туралы жазылған «Ғибратты ғұмыр» кітабы, картина табысталды. Үздік жұмыстар «Қаламгер» порталына жарияланды. Жалпы байқауға қатысқандарға алғысхат берілді.
Профессор А.Салқынбай қорытынды сөзінде: «Байқауда тек жеңіс болады, жеңіліс деген жоқ. Себебі байқауға қатысқан үміткердің басқадан бір саты болса да, танымы артып, ақпаратты саралау мен жазу шеберлігі ұштала береді. Байқау - жас қаламгердің талабы мен талғамы, шеберлігі мен шешендігі, танымы мен таланты шыңдалатын сайыс»,-деп ХХІ ғасыр жастарын сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға шақырды.