ҚазҰУ-да ауызсу бұрқағы орнатылды

2 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсаттарының №6 – «Таза су және санитария» бағыты бойынша ауызсу бұрқағы орнатылды.

Оқытушылар мен студенттердің сапалы су ішуі үшін онда арнайы сүзгі қойылған. Сондай-ақ ауызсу бұрқағы орталықтандырылған су құбырына тікелей қосылған.

Тіршілік көзі бей-берекет ақпайды, тек қажет кезде арнайы батырманы басып қана пайдалануға болады. Ысырапшылдыққа жол берілмейді.

«Ауызсу бұрқағы студенттер үшін өте тиімді және қолайлы болды деп санаймын. Аптап ыстықта субұрқақтан кез келгеніміз шөлімізді баса аламыз. Осындай ауызсу бұрқақтары дамыған мемлекеттерде көп қойылған және тұрғындар оларды жиі пайдаланады. Сондықтан таза ауызсу бұрқағының ҚазҰУ қалашығында болғаны бізді қатты қуантады», – дейді 1-курс студенті Мәдина Қуандыққызы.

Таза ауызсу бұрқағы студенттер көп жүретін Әл-Фараби кітапханасының алдындағы аллеяға қойылды. Алдағы уақытта 24 ауызсу бұрқағын орнату жоспарланып отыр. Аталған ауызсу бұрқақтары барлық оқу корпустарына, кітапханаға және әкімшілік ғимараттарына қойылмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі