Киото университетінің ғалымы ҚазҰУ-да дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шетелдік сарапшылармен, тәжірибелі оқытушы-ғалымдармен тығыз ынтымақтастықта.
Шығыстану факультетінде Киото шет тілдері университетінің доценті Григорий Мисочко «Шет тілдерін оқытуда экстенсивті оқуды қолдану: Киото шет тілдері университетінің тәжірибесі» тақырыбында оқытушыларға дәріс оқыды.
Григорий Мисочко Киото шет тілдері университетінде сабақ береді, Халықаралық жапон тілі мұғалімдері қауымдастығының мүшесі.
Спикер Киото университетінде ағылшын, француз және жапон тілдерін оқыту барысында қолданылатын экстенсивті оқудың жаңа әдісі туралы айтып берді. Ғалым Г.Мисочко жаңа оқыту әдісінің ерекшелігі, негізгі артықшылықтары, сондай-ақ шет тілдерін оқытуда экстенсивті оқуды қолданудағы қиындықтар туралы жан-жақты түсіндірді. Дәрістен кейін тақырыпқа орай сұрақ-жауап алмасу және талқылаулар болды.
Іс-шарада Алматы қаласы Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының оқытушысы Әлішер Скатов «Студенттердің жапон тілінде оқу дағдыларын дамыту» тақырыбында және Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Әсия Нұрелова «Шет тілінде оқу техникасы мен стратегияларын оқытудағы инновациялық технологиялар» тақырыбында баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі