ҚазҰУ Н.Коперник университетімен ғылыми байланыста
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының 1-курс магистранты Баянсұлу Өтегенова Польшаның Торунь қаласындағы Николай Коперник университетінде тағылымдамадан өтеді.
ҚазҰУ магистранты жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алып жүрген студенттерге арналған жазғы бағдарламаға қатысады.
Николай Коперник университеті – Польшадағы ең көне университеттердің бірі және осы елдегі ең үздік 10 мемлекеттік жоғары оқу орнының қатарында. Білім ордасында 17 факультет бар. Онда 100-ден астам мамандық поляк және ағылшын тілдерінде оқытылады.
Николай Коперник университетіндегі жазғы мектеп 2024 жылдың 1 шілдесі мен 28 шілдесі аралығында өтеді. Бұл жаратылыстану ғылымдарына қызығушылық танытатын студенттер үшін химия ғылымдары, биохимия және биотехнология сияқты салаларда төрт апталық жазғы зерттеу жобасын өткізуге тамаша мүмкіндік.
Магистрант Баянсұлу Өтегенова польшалық профессор Мирослав Спринскийдің жетекшілігімен «Химиялық түрлендірілген диатомды биокремнезем негізінде жараларды емдеуге арналған қан кетуді тоқтататын (гемостатикалық) препарат» жобасы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
ҚазҰУ-да Б.Өтегенованың жобасына ғылыми жетекшілікті химия ғылымының докторы, Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының профессоры Әлия Оспанова жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі