ҚазҰУ ТДМ орталығына қызығушылар артты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының ашылғаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, қоғамдық қолдауға ие болды.
Айта кетейік, оқу ордасының базасында ашылған жаңа ғылыми орталыққа Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді.
Ашылу рәсіміне «Qazaqstan», «Alatau», «Almaty TV» телеарналарының және «Таңшолпан» бағдарламасының тілшілері қатысып, арнайы бейнесюжеттер дайындап, қалың көпшілікке ұсынды.
Сонымен қатар 10 зертхана туралы материал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында, «Dala news», «Qazaq uni», «Білімді ел», «DKNEWS», «Qazaq», «Qazaq.Asia», «Aiqyn», «Egemen Qazaqstan» және т.б. басылымдар мен ақпараттық сайттарда жарияланды.
Сондай-ақ ҚазҰУ-мен әріптестік бағытта бірлесіп Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге қызығушылық танытқандар да көп.
Еске сала кетсек, ғылыми орталықтың ашылу рәсімі ағымдағы жылдың 29 наурыз күні өткен болатын. Шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан мен Ресей ЖОО-ларының ректорлары қатысты.
Орталық құрамындағы 10 зертхананың негізгі қызметі – қоршаған ортаның жаһандық өзгеруін зерттеп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технологияларды әзірлеп, өндіріске енгізу. Сондай-ақ ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі