Жапониядан келген студенттерге халықаралық қатынастар факультеті, философия және саясаттану факультеті, география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушылары дәріс оқыды

25 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Цукуба университеті (Жапония) «Кампустағы Кампус» жобасына сәйкес 2019 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Цукуба университеті арасында білім және ғылым саласындағы екі жақты байланыстар жүзеге асырылуда. 16.02.2024-23.03.2024 аралығында Қиыр Шығыс кафедрасы қысқы мектеп бағдарламасының шеңберінде Цукуба университетінің студенттері үшін «Аймақтану. Орталық Азияның саясаты, экономикасы және мәдениеті»  атты курс ұйымдастыруда. Биыл Қазақстанға Цукуба университетінен 13 студент келді. Бес апта бойы жапон студенттері шығыстану факультетінде қысқы мектеп бағдарламасы аясында жергілікті оқытушылардан дәріс тыңдап, аталған курс бойынша білім алды. Қысқы мектеп бағдарламасы еліміздің тілі, саясаты, экономикасы және мәдениеті туралы дәрістер қамтыды. Осыған орай, қысқы мектеп бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әр факультетінің оқытушылары Шығыстану факультетіне келіп, жапондық студенттерге түрлі тақырыптарда дәрістер оқыды.

05.03.2024 философия және саясаттану факультетінің оқытушылары: әлеуметтану ғылымдарының докторы, доцент Қылышбаева Бибігүл Наурызқызы және саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Сейсебаева Райхан Бексултановна «Қазақ жастарының жаһандық және ұлттық бірегейлікті қабылдауының ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқыды.

15.03.2024 халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы: тарих ғылымдарының докторы, профессор Кукеева Фатима Тұрарқызы  «Жаңа замандағы Қазақстанның геосаясаты» тақырыбында дәріс оқыды. Сондай-ақ, халықаралық қатынастар факультетінің деканы, PhD докторы, доцент Деловарова Лейла Федоровна «Көші-қон және тұрақты даму. Көші-қон саясатының негізгі аспектілері» тақырыбында Цукуба университетінің студенттеріне өз дәрістерін оқыды.

Сонымен қатар, шетелдік студенттерге Қазақстан экологиясы бойынша дәріс оқыған география және табиғатты пайдалану факультеті, рекреациялық география және туризм кафедрасының PhD докторы, доценті Кулахметова Гүлбарам Амантайқызы. Гүлбарам Амантайқызы еліміздің табиғи ресурстары мен экологиялық мұралары туралы жан-жақты ақпарат беріп, Қазақстандағы қоршаған ортаның қазіргі жағдайы жөніндегі соңғы  мәліметтермен бөлісті.

Бұл іс-шаралар Цукуба университетінің студенттеріне арналған қысқы мектеп бағдарламасы аясында өтті және ТДМ 4  «Сапалы білім» және ТМД 17 «Тұрақты дамудағы серіктестік» көрсеткіштерінің бірі болып табылатын екі ел арасындағы мәдени және ғылыми білім алмасуға орайластырылды. Дәрістер  пікірталас пен белсенді ақпарат алмасу жағдайында өтті. Факультет оқытушылары алдын ала дайындаған презентациялары мен материалдарын ұсынып, шетелдік студенттерге өз тақырыптары бойынша кең көлемде ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Әріптестерімізге атқарған еңбектері және қос елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қосқан сүбелі үлестері үшін үлкен алғысымызды білдіреміз!  Сіздерге зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс және бақ-береке тілейміз!

Қиыр Шығыс кафедрасы

Жапонтану бөлімінің

меңгерушісі Тазабекова Г.Б.