PROF платформасында электрондық ресурстарды қолдану талаптары
04.04.2024 жылы “IPR Media” компаниясының даму бойынша директоры Кутуева Вита Викторвна колледж оқытушылары құрамымен кездесу өткізді. Аталмыш компания жұмысының басты мақсаты - PROFбілім беру электрондық ресурсын құра отырып, толыққанды білім беру үрдісін ұйымдастырудың кешенді тетігін жасау және білім алушылардың 100% -ын орта кәсіптік білім берудің федералдық мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сәйкес келетін білім беру контентімен қамтамасыз ету.
Кездесу барысында компания өкілі PROF платформасының негізгі артықшылықтарына тоқталды, атап айтқанда, бұл платформа Қазақстандағы эксклюзивті контент, студенттермен және топтармен қашықтықтан жұмыс жасауға болады, сандық тәлімгерлік жүйесі іске қосылған, колледж білім алушылары бойынша жалпы және егжей-тегжейлі статистика жүргізіледі, пайдаланушыларды орталықтан басқаруға болады, «Бірыңғай терезе» форматындағы кез келген электрондық құрылғыларға 24/7 қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған, электронды ресурста кітапхана қорлары үнемі жаңартылып отырады, оқу контенті көзі көрмейтін адамдар үшін бейімделген (мәтінді сапасын жоғалтпай 400% -ға дейін ұлғайту), жазылушыларға арналған тегін жаңартулар бар, ресурс отандық БҚ тізіліміне кіреді және ресейлік АТ-компаниясымен әзірленген. Жалпы айтқанда, оқытушылар үшін де, білім алушылар үшін де оқу үрдісінде қолдануға болатын таптырмас платформа екені айтылды.
Кездесу соңында колледж оқытушылары компания өкіліне платформаны пайдалану ережесі бойынша сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды, әрбір оқытушыға ақпараттық парақ таратылып берілді.