ҚазҰУ ректоры жас ғалымдармен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында оқу ордасының жас ғалымдарымен кездесті.
Жүздесу барысында Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов баяндама жасап, университеттік ғылымды дамыту жөніндегі жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жиналғандарға департамент басшысы ағымдағы оқу жылында атқарылған жұмыс нәтижелерін таныстырды.
«Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында үш ғылыми орталық ашылды. Олар: «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы, «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы және химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығы. 2023/24 оқу жылында университеттік ғылымды дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылды. Білім ордасының 32 ғалымы арнайы бағдарламалар арқылы баспанаға ие болды. Сонымен қатар ғалымдар мен жас зерттеушілердің білімі мен тәжірибелерін арттыру мақсатында ҚазҰУ-дың 776 ғалымы түрлі мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келді. Олардың қатарында халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға қатысқандар да бар. Мәселен, жуырда Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетіне 12 ғалым барып, тәжірибе жинақтап келді», – деді Марғұлан Ибраимов.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жас ғалымдарды алда келе жатқан Ғылым қызметкерлері күнімен, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ректор университеттік ғылымды дамытуда жас ғалымдардың үлесі басым болуы қажет екенін атап өтіп, білім ордасы тарапынан ғалымдарға жағдай жасау жұмыстары жүйелі жалғаса беретінін айтты. Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев жас ғалымдар ҚазҰУ мен Қазақстанның кадрлық резервінің негізі болып табылатынын атап өтті.
«Қазіргі таңда әлемдегі мемлекеттердің барлығы ғылымға көп көңіл бөлуде. Сондықтан отандық ғылымды дамыту университеттік ғылымды дамытудан басталады. Ал оқу ордасындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыратын сіздерсіздер. Әр ғалымның ғылыми жобасы өзекті және құнды. Осы тұрғыда ғалымдардың емін-еркін жұмыс істеулеріне және зерттеу жұмыстарын жүргізуіне университет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі», – деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев ғалымдарға ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспарын таныстырып, оқу ордасын дамытуға бағытталған жұмыс жоспарымен бөлісті.
Кездесу барысында жас ғалымдар мен Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, жаңа идеяларымен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін айтты.
Шара соңында «Үздік жас ғалым» байқауының 16 жеңімпазына ақшалай сертификат табысталды. Сонымен қатар Ғылым қызметкерлері күніне орай, бір топ ғалым университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатымен және оқу ордасын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі