ҚазҰУ-да Орталық Азия елдерінің интеграциясы мәселесі талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Интеграцияның халықаралық тәжірибесі және оны Орталық Азия үшін пайдалану мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
ҚазҰУ жанындағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі институттың ұйымдастыруымен өткен шарада ғалымдар Орталық Азияның болашағы жайын кеңінен талқыға салды. Білім ордасының 90 жылдығына арналған шара дәстүрлі Фараби форумының бағдарламасына енген болатын.
Негізгі мақсат – Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық пен интеграцияның перспективаларын талқылау үшін осы саладағы ғалымдар мен білікті мамандар және сарапшылардың басын қосу.
Пленарлық жиында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай, Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері институтының директоры Құралай Байзақова, Үндістан – Орталық Азия қорының президенті, елші Ашок Кумар, Өзбекстан Республикасы бас консулдығының өкілі Жамолиддинхужа Абдукаримов және басқалар баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылар Орталық Азияның табысты интеграциясына әсер ететін геосаяси және геоэкономикалық факторлар, өңір елдері мен олардың серіктестерінің Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттары мен тетіктеріне көзқарасы, әлемнің басқа өңірлеріндегі интеграцияның халықаралық тәжірибесін талдау және оның Орталық Азия жағдайында қолданылуы сынды тақырыптарда өзара пікір алмасты.
Ғылыми жиынға шетелдік және қазақстандық жетекші зерттеушілер, дипломатиялық корпустың, шетелдік және отандық университеттердің өкілдері, Франция, Латвия, Қытай, Үндістан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстандағы ғылыми орталықтардың жетекшілері және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің оқытушы- профессорлық құрамы қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі