ҚазҰУ қалашығында пластик бөтелке қабылдайтын фандоматтар қойылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Sparklo Kazakhstan компаниясының пластикалық бөтелкелері мен алюминий банкаларын тапсыруға арналған екі арнайы құрылғы орнатылды.
Бұл аппараттар Тұрақты даму мақсаттарының №12 – «Жауапты тұтыну және өндіріс» бағытын жүзеге асыру мақсатында ҚазҰУ қалашығы аумағына орналастырылды.
Фандоматтар ректорат ғимаратының оң жағына және «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының алдындағы алаңға қойылған.
Бүгінгі таңда мемлекет қайта өңдеу мәселесіне көп көңіл бөлуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады. Қазақстан өтпелі кезеңде осындай минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын. Сонымен қатар біз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстан пластик қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр», – деп атап өткен болатын.
Енді әрбір оқытушы мен студент арнайы штрих-кодты көмегімен қолданылған бөтелкелер мен банкаларды Sparklomat аппаратына оңай тапсыра алады. Ол Үшін Google Play және App Store арқылы Sparkle Rewards Club мобильді қосымшасына тіркелу жеткілікті.
Фандомат көлемі 2 литрге дейінгі сұйықтықсыз пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды қабылдайды. Әрбір тапсырылған қалдық ыдыс үшін экобонустар алып, оларды серіктестер ұсынған түрлі акциялар мен сыйлықтарға айырбастауға болады.
Жиналған банкалар мен бөтелкелер сұрыптау мен өндеуден өту үшін қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі. Қайта өңделетін заттар жаңа қаптамаларды, киімдерді, аяқкиімдерді, бақша жиһаздарын, құрылыс материалдарын және басқа заттарды өндіру үшін қолданылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі