ҚазҰУ-да III халықаралық Фараби форумы қорытындыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде III халықаралық Фараби форумы қорытындыланды.
Іс-шараға ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы креативті индустрия басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев, отандық және шетелдік ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.
Фараби форумының жабылуында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, университеттің оқытушы-профессорлық құрамын, ізденушілерді Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Дәстүрлі халықаралық Фараби форумы дүниежүзіндегі фарабитанушы ғалымдарды біріктірген беделді платформаға айналып, жас ғалымдар мен студенттердің терең зерттеулерге деген қадамдарын нығайтуға ықпал етуде. Биыл форум аясында төрт халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, екі дөңгелек үстел, студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы және «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» дәстүрлі байқауы, инновациялық жобалар және студенттік бизнес-инкубаторлар байқауы өткізілді. Форум жұмысына Индонезия, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген сарапшы-ғалымдар қатысты. Тағылымды шараға белсенді қатысқандарыңыз үшін және ұйымдастыруға қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді ректор.
Іс-шара барысында Ғылым қызметкерлері күніне орай, ЖОО бір топ ғалымы төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева және шығыстану факультетінің қауымдастырылған профессоры Алтыншаш Құрманәлі Чакыроглу марапатталды.
ҒЖБМ Құрмет грамотасы Жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасы профессорының м.а. Абдурахман Алдияровқа, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Балтабек Қанғожинге, Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғани Омаровқа, химия ғылымының докторы, Физикалық химия, катализ және мұнай-химия кафедрасының профессоры Әлия Оспановаға, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің директоры Анар Данияроваға берілді.
Сонымен қатар үздік студенттік инновациялық жоба авторлары және «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясының жеңімпаздары марапатталып, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі