ҚазҰУ ректоры шетелдік сарапшылармен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасына жұмыс сапарымен Армения және Қырғызстаннан келген сарапшы-ғалымдармен кездесті.
Атап айтқанда, Жансейіт Түймебаев Ереван мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия кафедрасының меңгерушісі Жак Манукянмен, Орталық Азиядағы Америка университетінің қауымдастырылған профессоры Жылдыз Нишараповамен, Peace Nexus директоры, Орталық Азия бойынша аймақтық менеджері Чинара Эсенгулмен әңгімелесу барысында академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті кеңейту, Қазақстан мен Қырғызстан сарапшыларының ғылыми ынтымақтастығын нығайту қажет екенін жеткізді.
Жүздесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ереван мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев ЖОО-лар арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударып, ЕАЭО шеңберінде интеграцияны дамыту мәселелері бойынша бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру керек екенін айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі