Фараби форумына қатысушылар жаңа зертхана жұмысымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен III халықаралық Фараби форумына қатысушылар білім ордасында жаңадан ашылған «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасының жұмысымен танысты.
Құрметті қонақтар – ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов және Алматы қаласы креативті индустрия басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев университет ғалымдарымен кездесіп, пікір алмасты.
Орталық ағымдағы жылдың 27 наурыз күні ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тунияздың қатысуымен ашылған болатын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ-қытай бірлескен зертханасы экологиядағы өзекті мәселелерді шешуге сеп болатынын айтты.
Ғылыми зертхана Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізеді. Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік береді.
Құрметті қонақтарға география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева орталық туралы ақпарат беріп, зертханадағы құрылғылармен таныстырды.
Орталық жұмысымен танысқан ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов ғалымдардың жұмысына табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі