ҚазҰУ-да IT-технологиялар саласындағы әйелдердің үлесі сараланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект: болашақ көкжиектері» атты II халықаралық Women in Tech форумы өтті.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова: «Технология ғасырында жасанды интеллект қоғам дамуының ең маңызды бағыты саналады. Жасанды интеллект біздің өміріміздің барлық саласына – денсаулық сақтаудан бастап, білім беру, индустрия және кәсіпкерлік саласына дейін енуде. Қоғам дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдер қауымына қолдау көрсету де бүгінгі шараның басты бағыты. Форумға қатысушы сарапшылар мен ғалымдар жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік алады», – деді.
Жыл сайын ақпараттық технологиялар саласындағы көшбасшы әйелдер мен ғалымдар аталған саладағы озық технологиялық бастамаларды ұсыну мен тәжірибе алмасу үшін Woman in Tech форумына жиналады. Қатысушылар қатарында медицинадағы жасанды интеллект, бизнес-аналитика және үлкен деректерді қоса алғанда, технологиялық индустрияның әртүрлі секторларының сарапшылары бар. Іс-шара технология әлеміндегі әйелдердің рөлі мен олардың инновацияға қосқан үлесі туралы өзекті тақырыптарды талқылауға бағытталған.
Өз кезегінде сөз алған Black Swan компаниясының директоры Дара Түменбаева бүгінгі технология ғасырында ақпараттық технологиялардың әртүрлі аспектілерін үйреніп, игере білу керектігін сөз етті. Сондай-ақ форум аясында белгілі сарапшылар Исабаева Даража, Қуатбай Мырзабек және басқалар жасанды интеллект көмегімен шығармашылықты қалай кеңейтуге болады, мобилография және басқа да IT әлемінде жан-жақты әрі инклюзивті болашақты қалыптастыру бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі