ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕГІ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ
2024 жылдың 11 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері мен гимназияларының жоғары сынып оқушыларына және колледж студенттеріне кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында «Ашық есік күні» өтті.
Университетіміздің 90-жылдық мерейтойына, факультетіміздің 35-жылдық мерейтойына орайластырылып ұйымдастырылған іс-шараға Алматы облысы Жамбыл ауданы, Қарғалы №2 мамандандырылған лицейінің, Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназияның, Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицейдің, Алматы қаласындағы №205 жалпы білім беретін мектептің, Алматы қаласындағы №133 мектеп-гимназияның, Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның мұғалімдері мен оқушылары, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ, ХБА колледжінің оқытушылары мен студенттері, ата-аналар қатысты.
Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фағани мырза мен Алматы қаласындағы Иранның мәдени өкілдігінің директоры Хосейн Ағазаде мырза іс-шараның құрметті қонақтары болды.
Жиынды факультет деканы Н.Б. Ем ашты. Декан факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, болашақ жоспарларымен бөлісті. Ашық есік күні аясында факультет ұжымы қонақтарға мамандықтар, оқуға түсу талаптары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Ашық есік күнінің аясында «Шығыс мәдениеті фестивалі» ұйымдастырылды. Факультет оқытушылары мен студенттері келген қонақтарды оқытылатын шығыс елдерінің мәдениетімен жақын таныстыру мақсатында шығыс тілінде концерттік бағдарлама дайындады. Үндітану бөлімінің оқытушы Исмагулова Сымбаттың жетекшілігімен құрылған «Сур-Саз» ансамблі үнді елінің әнін қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен орындап, жапонтану бөлімінің 3 курс студенттері жапон тілінде Абай атамыздың өлеңі «Көзімнің қарасын» айтты. Ал арабтану бөлімінің студенттері танымал араб өлеңі «Кун антаны» орындады. Ирантану бөлімінің оқытушысы Ғ.А.Қамбарбекова иран халқының ұлттық аспабы дафпен өнер көрсетіп, Түріксой кафедрасының студенті Әбілмәжін Бегімай түрік тілінде өлең оқып, жүректерді баурады. Қытайтану мен корейтанушы студенттер әдемі билерімен қонақтарды тәнті етті.
Сондай-ақ, ұлттық киімдер дефилесі болды. Әр шығыс елінің ұлттық киімдері көрсетілді. Іс-шара шығыс халықтарының ұлттық тағамдарын, тәттілерін таныстырумен жалғасты. Іс-шараның негізгі қонақтары – оқушыларға іс-шара барысында берілген ақпараттың қаншалықты түсінікті болғанын анықтау үшін викторина ұйымдастырылып, нақты жауап берген оқушыларға сыйлықтар үлестірілді. Кеш соңында қонақтарға алғыс хаттар табысталып, фото түсірілді. Іс-шара танымды, жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеш болды.