АЛАН АСҚАРҰЛЫ БӨРІБАЕВ

11 сәуір, 2024

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері, Ирландия (Дублин) Ұлттық радио және теледидар симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі.

1979 жылы 30 мамырда Алматы қаласында музыканттар отбасында дүниеге келген. 1996 ж. Бөрібаевтар отбасы Грекияда тұрды, онда жас жігіт скрипкада ойнауды үйренді. Әкесі ұлын дирижерлік өнерге қызықтырды. Осылай, Педротти атындағы дирижерлер байқауының бірінші турында 18 жасар Алан дирижерлік жолын бастады. Оның басқаруымен Игорь Стравинскийдің «Аполлон Мусагет» және Г.Ф.Гендельдің «Koncerto grosso» атты неоклассикалық балеттері орындалды. Алан Бөрібаев К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық орта мамандандырылған музыка мектебін (1997) және үш жарым жыл ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын екі мамандық бойынша: скрипка және опералық-симфониялық дирижерлық сыныбы бойынша үздік бітірген. Содан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті магистратурасының мәдениеттану бөлімінде және Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде оқуын жалғастырды. Философия магистрі.

 Алан - еуропалық оркестрлерді басқаратын алғашқы қазақ дирижері. 2004-2007 жылдары Алан Асқарұлы - Астана симфониялық оркестрінің бас дирижері. Осы кезеңде - Оңтүстік Тюрингия (Германия) Мейнинген мемлекеттік операсының бас музыкалық директоры. 25 жасында Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері», В.А. Моцарттың «Идоменей» және «Свадьба ба Фигаро», Л.Яначектің «Енуфа», К.М. фон Вебердің «Еркін атқыш», Р. Штраустың «Саломея», фон Шиллингстің «Мона Лиза», Дж. Вер-дидің «Трубадур», Р. Вагнердің «Летучий голландец» операларын қойды.

Дирижердің репертуарында әлемдік музыкалық әдебиеттің барлық үлгілері бар: батыс еуропалық композиторлардың, орыс, кеңестік композиторларының шығармалары. Шет елдерде дирижерлік еткен Алан Асқарұлы әрдайым қазақ композиторлары Құрманғазы, Л.Хамиди, А.Жұбановтар, М.Сағатов, Т.А.Бестыбаевтың музыкасын насихаттайды.

Халықаралық байқаулар мен фестивальдар дипломанты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестріне, "Солистер Академиясы" Мемлекеттік камералық оркестріне дирижерлік етті. Бүгінгі таңда Ирландия елінің Ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі қазірде Еуропалық оркестрлермен жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нидерланд елінің Брабанд оркестрінің бас дирижері.

 

Басқа жаңалықтар