ҚазҰУ-да Жошы ұлысын зерттеу бағыттары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына орай, «Қазақ мемлекеттілігінің қайнар бастаулары: Жошы ұлысына – 800 жыл» атты республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Тағылымы мол тарихи шараны тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырды.
Мақсат – ХIII-ХV ғасырлардағы Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихының өзекті мәселелерін талқылап, кеңінен насихаттау.
Іс-шараға ҚазҰУ басшылығы, тарихшы ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар жиналды.
Дөңгелек үстел отырысын Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ашып, Жошы ұлысының тарихи сабақтастығы мен өзектілігін айта келіп, аталған іс-шараның маңыздылығына айрықша тоқталды.
«Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай, елімізде көптеген шаралар өтуде. Бүгінгі ҚазҰУ базасында өтіп жатқан конференцияның маңызы жоғары. Себебі ҚазҰУ-да Жошы ұлысын зерттеп, түрлі ақпараттарымен бөлісіп жүрген ғалымдарымыз жетерлік. Жошы ұлысына қатысты жүргізілген зерттеулер арқылы біз Қазақ хандығының мемлекеттік тарихын толықтыра аламыз. Бүгінгі жиынның да негізгі ұстанымы осы», – деді проректор.
Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор Досбол Байғонақов Жошы ұлысының қазақ тарихындағы рөлін айтты.
Өз кезегінде ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев дөңгелек үстелде қарастырылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.
Сонымен қатар тағылымды шарада «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Ислам Жеменей, Хаджеттепе университетінің (Түркия) профессоры, тарих ғылымының докторы Мехмед Дервиш, Халықаралық білім беру корпорациясы, Қазақ-Америка университетінің профессоры Ботагөз Сүйерқұл, т.ғ.к., профессор м.а. Меңдігүл Ноғайбаева, PhD, профессор м.а. Нұртас Әбдімоминов, т.ғ.к., профессор м.а. Нәзия Тасилова, т.ғ.к., аға оқытушы Жұмахан Арынов және т.б. ғалымдар баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі