Көрнекті мәдениет қайраткерлері ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының музей-үйі аумағына гүлдер отырғызды

9 сәуір, 2024

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, әнші әрі композитор Қадырғали Көбентай, «Ұлт ұстазы» телехикаясында Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған танымал актер Байғали Есенәлі және басқа да белгілі мәдениет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне іргелес аумаққа гүл екті. Олар музей ұжымымен бірге бұл жобаның қала «өмірі» үшін маңызды екенін айтты. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері мен «Ахметтану» оқу орталығында тағылымдамадан өтіп жатқан мектеп оқушылары да қатысты.

Гүл отырғызу сазды бағдарламаға ұласты – жас күйші Толғанай Қасенова күй ойнаса, әнші, блогер Ділназ Бердалиева жасыл-желек отырғызу науқанына қатысқандар үшін бірқатар ән орындады.

Іс-шара соңында Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова барлық қатысушыға алғыс білдірді, ал музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет оларға жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» кітабын және өзінің «Ғасыр саңлағы» атты авторлық басылымын сыйға тартты

Филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы.   

Оспанова Гулмария Турысбековна, аға оқытушы          

                                                                            

.