ҚазҰУ-да жаһандық денсаулық сақтау мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Еуразиялық өңірде жаһандық денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын нығайту» тақырыбында Еуразиялық академиялық жаһандық денсаулық сақтау альянсының ІІ конференциясы өтуде.
Басқосуға 150-ден астам денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау мамандары, оның ішінде жаһандық денсаулық саласындағы сарапшылар, жаһандық денсаулық сақтау Еуразиялық академиялық альянсының мүшелері, Астана медицина университеті мен ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы және білім алушы жастар жиналды.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов: «Денсаулық сақтау – адамзат тіршілігінің негізі. Тарихтың қиын-қыстау кезеңдерінде әрбір адамға көмекке келген дәрігерлер болды, сондықтан да медициналық кадрларды кәсіби даярлау мәселелері әрқашан да өзекті. Денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауды жақында бастағанымызға қарамастан, қазірдің өзінде жетістікке жеттік. Биыл біздің медицина факультеті «Медицина» мамандығы бойынша 601-650 көрсеткішімен QS World University Rankings by Subject 2024 рейтингіне енген қазақстандық жоғары оқу орындарының факультеттері арасында жалғыз болды. Бұл біздің медицина ғалымдары мен студенттер үшін үлкен жетістік», – деді Еркін Ерманұлы.
Жиынның пленарлық отырысында Еуразиялық жаһандық денсаулық сақтау академиялық альянсының басқарма төрағасы Олаф Хорстик, Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының басшысы Анар Мұхтарова, Назарбаев университеті Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли және Астана медицина университетінің проректоры Витали Койков баяндама жасады.
Іс-шара аясында оқытушы-профессорлық құрам, ғылыми кадрлар, магистратура, докторантура және бакалавриат студенттерінің академиялық ұтқырлығы, бірлескен білім беру бағдарламаларын, жарияланымдар мен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру саласында өзара тиімді әріптестікті дамыту мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Назарбаев университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Конференция жұмысы секциялық отырыстарға жалғасып, онда Еуразиялық өңірде қоғамдық денсаулық сақтаудың жаһандық кадрлық ресурстарын құру мүмкіндіктері, денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кадрлық әлеуетті нығайту, Еуразиялық өңірде қоғамдық денсаулық сақтаудың еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың жағдайлық зерттеулері, сондай-ақ ҚР денсаулық сақтаудың жаһандық мәселелері сынды өзекті тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ жиында әлемнің 20-дан астам елінің жаһандық денсаулық саласындағы жетекші мамандары мен сарапшылары баяндама жасады. Сонымен қатар конференция аясында түрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер мен жаһандық денсаулық сақтаудың Еуразиялық академиялық альянсы басқармасының отырысы өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі