- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ мен Ресей халықтар достығы университеті ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асырады
ҚазҰУ мен Ресей халықтар достығы университеті ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Ресейге жұмыс сапары барысында П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетіне арнайы барды.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев пен Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Ястребов кездесуде әріптестік қатынастарды одан әрі арттыру бойынша пікір алмасты.
Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы айтып, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды. Сонымен қатар университет ректоры 29 наурыз күні ҚазҰУ базасында өткен Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының ІІ форумына қатысқаны үшін Олег Ястребовқа алғысын жеткізді.
«Қос университет арасындағы байланыс қарқынды түрде дамып келеді. Мәселен, 2022-2024 оқу жылдарында ҚазҰУ-дың 144 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ресей ЖОО-ларында оқыған болатын. Солардың қатарында П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті де бар. Ал осы жылдары РХДУ-дің 36 студенті ҚазҰУ-да оқыды. Алдағы уақытта оқытушылар мен білім алушы жастарды алмасу, халықаралық іс-шараларды өткізу, ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, ғылыми мақалалар мен материалдарды бірлесіп дайындау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын», – деді ректор.
Өз кезегінде Олег Ястребов оқу ордасына арнайы жұмыс сапарымен келгені үшін Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдіріп, аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біздің Қазақстандағы сенімді серіктестеріміздің бірі деп білеміз және ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп үміттенеміз. Бүгінге дейін жүзеге асырылған екі ЖОО арасындағы байланысты жоғары бағалаймын», – деді РХДУ басшысы.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум 2017 жылы жасалған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі