ҚазҰУ мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті серіктестікті дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры Александр Безбородовпен кездесу өткізді.
Келіссөз барысында тараптар ғылыми бағыттағы серіктестік мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Александр Безбородов университеттің қызметі мен жоспарлары туралы айтып, ҚазҰУ мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың стратегиялық маңыздылығына назар аударды.
«Біздің тарап әрқашан бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға әрі академиялық ұтқырлықты кеңейтуге дайын», – деді Александр Безбородов.
Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті – Ресейдің гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 1930 жылы ашылған оқу ордасында бүгінде 25 мыңнан астам студент оқиды. Қазіргі уақытта университетте 11 институт, 18 факультет, 8 зертхана және 50 кафедра жұмыс істейді.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ілтипат білдіргені үшін Александр Безбородовқа ризашылығын білдіріп, бірқатар ұсынысын жеткізді.
«Университетімізде ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Біз білім мен ғылым саласында Ресей ЖОО-ларымен серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Бүгінге дейін білім мен ғылым бойынша ҚазҰУ мен РМГУ арасында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен бұл жұмыстарды әрі қарай да күшейте беруіміз керек. Академиялық ұтқырлық жоғары оқу орындары арасында тығыз достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ҚазҰУ-дың басым бағыттарының бірі болып саналады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттер мен оқытушылар үшін тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруымен қажет», – деді ректор.
Кездесуден соң Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысып, зертханалар мен оқу корпустарын, музейді аралап көрді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі