Медицина қызметкерлерімен кездесу
Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Осыған орай, жақында емхана дәрігерлері физика-техникалық факультетінің студенттерімен кездесу өткізіп, «Туберкулездің алдын алу», «ВИЧ/СПИД», «Темекі шегу мен алкоголизм» деген тақырыптарда мәліметтер айтты.
Туберкулездің таралу жолдары, онымен күресу жолдарын түсіндірді. Бәрімізге белгілі бұл ауру адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың азғана мөлшерімен дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микробактерияларды бөледі екен. Олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін екенін ескертіп айтты. Сонымен қатар туберкулездің алдын алу шараларын сақтап жүрулерін міндеттеді. Әрине, ең басты қағида – салауатты өмір салтын ұстану. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, денешынықтырумен айналысу, жеке гигиена ережелерін сақтау, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
Бұл мақсатқа жетудің ең дұрыс жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру екенін студенттерге мейлінше толық түсіндіріп айтып берді. Студенттердің көкейкесті сұрақтарына толық жауап бере білді. Білім алумен қатар, осындай іс-шаралар болып тұрғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Емхана қызметкерлеріне алғысымыз зор.
Эльмира Зұлбұхарова,
Жылуфизика кафедрасының аға оқытушысы