ҚазҰУ ректоры Ресейде өткен «Университеттер және болашақ» форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ресейде өткен «Университеттер және болашақ» халықаралық форумына қатысып, баяндама жасады.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған халықаралық жиында Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Иран, Мысыр, Индонезия және т.б. елдердегі ЖОО ректорлары, ғалым-сарапшылар бас қосты.
Іс-шараны өткізуге М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей ректорлар одағы мұрындық болды.
Негізгі мақсат – қатысушы мемлекеттердегі жоғары оқу орындары арасындағы көпжақты қатынастарды дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде оқытушылар мен студенттер алмасу шеңберін кеңейту, ғылыми бағытта бірлесіп ізденістер жүргізу жұмыстарын жүргізу.
Пленарлық отырысты М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий құттықтау сөзбен ашып, форумға арнайы қатысуға келген 100-ден аса университеттің ректорларына ризашылығын жеткізді. Өз сөзінде ЖОО басшысы ММУ шетелдік университеттермен серіктестік орнатып, нығайтуға әрқашан дайын екенін баса айтты. Сонымен қатар Виктор Садовничий халықаралық форум жұмысы білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды тереңдетуге бағытталғанын атап өтті.
Халықаралық шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, университеттер болашақты қалыптастыруда, жаһандық мәселелер мен қазіргі заманның сын-қатерлерін шешуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Ғылыми-білім мен жаңа технологиялар әлемдегі елдердің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі фактор болып табылады. Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі бола отырып, бүгінде ғылыми әлеуетін дамытуда және білім беру бағдарламаларын жетілдіруде жұмыс істеп келеді. Оқу ордасы болашақта халықаралық аренадағы беделін арттыру және әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті болу мақсатын қойып отыр. ҚазҰУ қазіргі таңда 54 елдің 650-ден астам ЖОО-ларымен байланыс орнатқан. Сондай-ақ көптеген ірі халықаралық қауымдастықтар мен консорциумдардың мүшесі болып табылады», – деді ректор.
Баяндама соңында Жансейіт Түймебаев білім, ғылым және инновация арқылы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге бүгінгі форум жұмысы мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар «Университеттер және болашақ» халықаралық форумына қатысушы ректорлар сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. ЖОО басшылары өз университеттері туралы ақпараттармен бөлісіп, ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.
Іс-шара соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры Александр Безбородов ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Пленарлық отырыс түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.
Айта кетейік, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев 18 сәуір күні Ресейде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім министрлерінің кеңесіне қатысады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі