ҚазҰУ-да инклюзивті білім беруді дамыту семинары өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ордасының 90 жылдығына арналған «Жоғары инклюзивті білім: шетелдік тәжірибе» атты халықаралық ғылыми семинар өтті.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру саласындағы ұлттық стратегия ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру» гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асырылуда.
Халықаралық семинарға еліміздегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, инклюзивті білім беру бойынша шетелдік сарапшылар, психологтар, оқытушы-профессорлар құрамы, қоғамдың ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты Бекжан Мейірбаев құттықтау сөзбен ашты.
«Негізгі мақсат – жоғары инклюзивті білім берудің негізгі тенденциялары мен мәселелерін талқылау ғана емес, сонымен қатар жетекші ғалымдардың инклюзия саласындағы жаңа құнды идеяларымен алмасу, тәжірибемен бөлісу», – деп атап өтті декан.
Семинар барысында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары білім беру жүйесі: Жапония тәжірибесі» тақырыбында семинар модераторы, педагогика ғылымының докторы, академик, ҚазҰУ профессоры, ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Ақмарал Мағауова баяндама жасады. Профессор қазіргі таңда әлем бойынша білім беру тәсілдерінің түбегейлі өзгергенін айтты. «Әлемдік білім беру процесінің негізгі стратегиясы адамның әлеуметтік-физикалық мәртебесіне, физикалық шектеулеріне және мәдени-этникалық тегіне қарамастан, теңдік пен сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ететін инклюзивті білім беру болып табылады», – деді академик. Сондай-ақ ол өз сөзінде инклюзивті жоғары білім беруде Жапонияның тәжірибесін мысалға келтіріп, қатысушыларға кеңінен таныстырды.
Ғылыми семинарда Низами атындағы Ташкент мемлекеттік университеті (Өзбекстан) Педагогика кафедрасының профессоры М.Б.Уразова, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Солтүстік-батыс басқару институтының (Ресей) доценті Л.В.Ахмерова және институт меңгерушісі Е.А.Куликова, Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті (Беларусь) Инклюзивті білім беру институтының профессоры Т.В.Лисовская және т.б. ғалым-сарапшылар сөз сөйлеп, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шарада ғалымдар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі