Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғалымдар одағының "Ғылым сардары" сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым Академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі, "ҚР Ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған" мемлекеттік ғылыми стипендиясының лауреаты, "ҚазҰУ - нің Үздік оқытушысы" және "ЖОО-ның үздік оқытушысы-2017" атақтарының иегері.
Жарылқасын Әбдуахитұлы 1948 жылы 21 тамызда дүниеге келген. 1971 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіріп, өзінің барлық кәсіби қызметі барысында туған химия факультетінің өркендеуі үшін жұмыс істеді. Ж.Ә. Әбілов өзінің еңбек жолын ассистент, аға оқытушы қызметінен бастады, доцент қызметін жалғастырды, содан кейін 1996 жылы органикалық химия және табиғи қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі болды. 2000 жылы химия факультетінің деканы қызметіне кірісіп, 9 жыл жұмыс атқарды. Қазіргі уақытта Ж.Ә. Әбілов өзінің туған университетінің игілігі үшін органикалық заттардың, табиғи қосылыстар мен полимерлердің химиясы мен технологиясы кафедрасының профессоры қызметін жалғастыруда.
Жарылқасын Әбдуахитұлы – жан-жақты тұлға, ірі ғалым, талантты педагог және ұйымдастырушы. Ол Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар шетелде физикалық, коллоидтық, органикалық және табиғи қосылыстар химиясы саласындағы көрнекті ғалым ретінде танымал. Ж. Ә. Әбілов өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағынды суларының ауыр металл иондарынан тазартуға арналған синтетикалық полиэлектролиттер мен беттік-белсенді заттар негізінде кешендер құрудың негізін қалаушылардың бірі болып табылады.
Ж.Ә. Әбілов кең ой-өрістің, энциклопедиялық білімнің, табандылық пен еңбекқорлықтың, батылдылықтың және ғылымдағы жаңа перспективалық бағыттарды игеру қабілетінің арқасында коллоидтық-химиялық зерттеулерді биоорганикалық және табиғи қосылыстар химиясының пәнаралық саласымен сәтті үйлестіре алды. Оның басшылығымен осы бағытта Қазақстан флорасынан медицина мен ауыл шаруашылығына арналған кең ауқымды терапиялық әсер ететін жаңа жергілікті дәрілік заттардың ассортиментін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ж. Ә. Әбілов әріптестерімен ісікке қарсы және бактерицидтік "Алхидин", "Лимонидин", жараларды емдейтін, вирусқа қарсы және қабынуға қарсы әсер ететін "Биосед-К" жаңа бірегей отандық препараттарын әзірледі. Препараттар клиникалық сынақтардан сәтті өтті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен түрлі дәрілік формаларда: тұнбалар, жақпа және сироптар түрінде өнеркәсіптік өндіріске ұсынылды. Алынған дәрілік формалар Қазақстан Республикасының аумағында жаңа отандық дәрілік заттар ретінде сәтті патенттеліп, тіркелді, ал олардың өндірісі "Химфарм" АҚ, Шымкент қаласында ("Santo"ФК) игерілді. Қабынуға қарсы, жараларды емдейтін және вирусқа қарсы әсері жоғары отандық жоғары тиімді дәрілік препараттар сериясын жасағаны үшін профессор Ж.Ә. Әбілов әріптестерімен ҚР Ғалымдар одағының "Ғылым сардары"сыйлығымен марапатталды. Сонымен қатар, органикалық химия саласында қызметкерлермен көзделген қасиеттері бар алифатты және гетероциклді қатардағы аминдер негізінде жаңа қосылыстар алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Ж. Ә. Әбіловтың жетекшілігімен кафедрада жаңа бағыт - әсер ету мерзімі ұзартылған полимерлі матрицаларда биологиялық белсенді қосылыстарды иммобилизациялау бойынша зерттеулер басталды. Бүгінгі таңда дәстүрлі дәрілік формалармен салыстырғанда айтарлықтай артықшылықтары бар тиімді препараттардың жаңа композициялық дәрілік формалары әзірленуде. Ұзартылған әсері бар жаңа дәрілік формаларды жасау мақсатында анестетикалық, анальгетикалық, қабынуға қарсы, гемостатикалық, жараларды емдейтін белсенділігі бар биологиялық белсенді заттар мен дәрілік препараттардың (Рихлокаин, АК-29, Алхидин, Лимонидин) полимерлі гидрогельдерге және табиғи сорбент - бентонитке және олардың полимерлермен композицияларына иммобилизациялау заңдылықтары зерттелуде. Әзірленген формалар клиникалық сынақтардан өтіп, ауыз қуысының ауруларын емдеуде тиімділігін көрсетті және стоматологиялық тәжірибеде қолдануға ұсынылды.
Алғаш рет Ж. Ә. Әбіловтың басшылығымен бірқатар жылдар бойы алынған нәтижелер коммерцияландырылды және "Қазақстанның өсімдік шикізаты негізінде фитопрепараттардың жаңа гидрогельді емдік нысандарын өндіруді құру" жобасы (2012-2015 жж.) шеңберінде Халықаралық Дүниежүзілік банкімен қаржыландырылды. Бұл зерттеулердің бірегейлігі құрамында синтетикалық анестетик рихлокаин және қазақстандық өсімдік шикізаты негізіндегі фитопрепараттар бар жаңа жоғары тиімді полимерлі гидрогельді жақпа мен таңғыштар технологиясын әзірлеу, сондай-ақ ауқымды жаралар мен күйіктерді емдеуде медициналық практикада іске асыру үшін олардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру болды.
Ж. Ә. Әбілов 9 монография, 2 оқулық, 700-ден астам ғылыми мақалалар мен халықаралық конференциялардың тезистерінің, 12 оқу-әдістемелік құралдардың, өнертабыстарға 85 патент пен авторлық куәліктердің, ҚР 20 фармакопеялық мақалаларының, олардың негізінде әртүрлі препараттар мен дәрілік нысандарды өндірудің 10 тәжірибелік-өнеркәсіптік регламенттерінің авторы болып табылады. Жоғары кәсіпқойлық пен белсенді ғылыми қызметтің дәлелі жоғары импакт факторы бар журналдарда халықаралық деңгейдегі жарияланымдар болып табылады: World Applied Sciences Journal, Phytochemistry, Synletic, Tetrahedron Letters, Monatshefte für Chemie − Chemical Monthly, Heterocycles, Journal of Fluorine Chemistry, Helvetica chimica Acta, Z. naturforsch, Planta Medica, Chemistry of Natural Compounds, Journal Ethnopharmacology, Tetrahedron, Chem. Pharm. Bulleten, Journal of Applied Chemistry және т.б. Оның ғылыми жетекшілігімен 7 докторлық, 5 PhD және 15 кандидаттық диссертация қорғалды.
Ж. Ә. Әбіловтың ғылыми, кәсіби қызметі Қазақстан Республикасында және ТМД-да ғана емес, сонымен қатар әлемдік зияткерлік элита арасында да белгілі. Оның есімі көрнекті ғалымдардың әлемдік тізіліміне енгізілген және ол "The name of Science" құрметті сыйлығына ұсынылған. Ж. Ә. Әбілов Германиядан, Америкадан, Ресейден, Пәкістаннан белгілі ғалымдар Питер Лангер, Йохим Кётц, Самир Росс, Э.Э. Шульц, Атта-ур-Рахман, Мухаммад Икбал Чаудри, Бина Садукки, Викар Уддин Ахмад, Асана Дар және т.б. жетекші ғалымдармен жалғасып келе жатқан дамудың және көпжылдық жемісті ынтымақтастықтың негізін қалады.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Пәкістанның ғылым және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы жасалған меморандум аясында 2000 жылы оның бастамасымен Қазақстанның жас ғалымдары алғаш рет жетекші халықаралық ғылым орталығына, H. E. J. Research Institute of Chemistry Dr. Panjwani Molecualr Medicine and Drug Research University of Karachi (Карачи қ., Пәкістан) ғылыми тағылымдамадан өту үшін жіберілді. Профессорлар Ж. Ә. Әбілов пен Икбал Чаудридің бастамасымен Карачи университетінің химия институтында ынтымақтастықтың 20 жылдығына орай 2019 жылы "Өсімдіктерді зерттеу және табиғи өнімдерді әзірлеу саласындағы инновациялар" Пәкістан-Қазақстандық ғылыми зертханасы ашылды.