ҚазҰУ ректоры Қырғызстанның «Достық» орденімен марапатталды

18 сәуір, 2024

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Достық» орденімен марапатталды.

Мемлекеттік награда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.

Айта кетейік, «Достық» ордені 2017 жылы тамыз айында Қырғызстан Президентінің жарлығымен бекітілген. Бірінші санаттағы мемлекеттік наградалар қатарына жатады.

Сонымен қатар екі ел арасындағы сенім  мен  сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін ақын, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болған Мұхтар Шаханов пен белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов «Дәнекер» орденімен марапатталды. Еліміздің бірқатар зиялы қауым өкілдері «Достық» және «Даңқ» орденімен наградталып, қазақ эстрадасының жұлдыздары Роза Рымбаева мен Алтынбек Қоразбаевқа «Қырғыз Республикасының халық әртісі» атағы берілді. Сондай-ақ бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлеріне «Даңқ» медалі мен Қырғыз Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі