15.04.-19.04.2024 жж аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінде «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында лектор, қаржы сарапшысы Бірасыл Ж.Р. оқытушылар құрамына қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Соңғы жылдары құмар ойынға тәуелділік белең алып, несие алатындар мен қарызға белшесінен батқандардың қатары артты. Кейбір отбасылар үшін бұл қаржылық қиындықтар әкелсе, кейбіреулерді психологиялық күйзеліске ұшыратып, соңы қайғылы жағдайға әкеліп жатыр . Президент жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға шектеуді күшейтуді, қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын іс-шараларды өткізуді қатаң тапсырды. Осы жылдың ақпан айында республикалық «Қарызсыз қоғам» акциясы бастау алды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы− халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» саяси партиясы, «Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы» РҚБ бірлескен бастамасы. Жобаның мақсаты-халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиесі өтелмеген. Тағы 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді.
Іс-шара барысында лектор Бірасыл Ж.Р. бос ақша қаражаттарын тиімді пайдалану, жеке қаржылық жоспарды құру, табыс мен шығынды есептеуді үйрете отырып, нақты жағдайлардан мысалдар келтіру арқылы, туындаған мәселелердің шешімін табу жолдарын көрсетті. Семинар тақырыбы оқытушылардың қызығушылығын арттырып, пікір-талас ретінде өтті.