ҚазҰУ ректоры ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім министрлерінің кеңесіне қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің білім министрлерінің VІІІ кеңесінің отырысына қатысты. Биыл ауқымды жиынға Ресей төрағалық етіп отыр.
Халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков, Ресейдің оқу-ағарту министрінің орынбасары Денис Грибов, ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Нұран Ниязалиев, Үндістан, Иран, Қазақстан, ҚХР, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь сияқты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы елдердің бейінді ведомстволарының басшылары жиналды.
Кеңес отырысын Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков құттықтау сөзбен ашты. ҒЖБМ басшысы өз сөзінде бүгінгі кеңес соңғы бес жылдағы ШЫҰ білім беру желісі бойынша жоғары деңгейдегі алғашқы іс-шара болғанын атап өтті.
Жиында қатысушылар сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету үшін ұлттық жобаларды ұсынды, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жиында ШЫҰ желілік университетінде негізгі білім беру жобасының жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі елдің көпжылдық жемісті қарым-қатынасына тоқталды.
«1992 жылғы 22 қазанда Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. 32 жыл бойы қос мемлекет түрлі бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеді. Егер Қазақстан мен Ресейдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы туралы айтатын болсақ, бүгінгі таңда ҚазҰУ Ресей Федерациясының 140 жетекші жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ұйымдарымен 195 келісім жасасты. Қазақстанда Ресей ЖОО-ларының жеті филиалы жұмыс істейді. Жыл сайын біздің оқытушылар мен студенттер бір-бірімен тәжірибе алмасады. Бірлескен ғылыми жобалар саны да артып келеді. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп сенемін», – деді ректор.
Кеңес соңында қатысушылар Ресей тарапына қонақжайлылық көрсеткені үшін және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі