ҚазҰУ ғалымдары әдебиеттану мәселелерін талқылады

18 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология ғылымының докторы, профессор Аслан Жақсылықовтың 70 жылдығына және білім ордасының 90 жылдығына арналған  «А.Жақсылықов. Жазушы, ғалым, аудармашы әлемі: дәуір сұраныстарына жауаптар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова мерейтой иесіне универсиет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын табыстады.

«Сіздің саналы ғұмырыңыз ҚазҰУ-мен байланысты. Сіздің шығармашылық, ғылыми-педагогикалық салаға сіңірген еңбегіңіз мол. Сіз мерейлі белесіңізге үлкен жетістіктермен көтерілдіңіз. Қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясын терең зерттеп, оқу құралдары мен оқулықтар шығардыңыз. «Әуезовтің 20-30 жылдардағы прозасы», «Көркем әдебиеттің діни мотивтері», «Эсселер жинағы» және басқа да көптеген маңызды ғылыми еңбектер жаздыңыз.  «Ахмет Ясауи – ағартушы», «Әнші тастар», «Қарғыс атқандардың армандары», «Басқа жағалау» сынды шығармаларыңыз түркі әлеміне ортақ туындылар. Сіздің ғылым мен шығармашылықтағы дара жолыңыз кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Мерейтойыңыз құтты болсын, толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілеймін!» – делінген хатта.

Конференцияны филология ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры, ҚХА ҒСК мүшесі Нұрсұлу Шаймерденова  жүргізіп отырды.

Пленарлық отырыста ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Баян Жолдасбекова сөз сөйлеп, Аслан Жақсылықовтың ҚазҰУ-ға сіңірген еңбегіне тоқталды. «Сіз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлемдік әдебиет кафедрасының профессоры ретінде көптеген ізбасар шәкірттер тәрбиеледіңіз. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан жазушылар одағының, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының мүшесі, сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағының орыс әдебиеті және әдеби байланыстар жөніндегі кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқардыңыз. Сіз қайталанбас қолтаңбасы бар, ғылымда өз мектебін қалыптастырған өнегелі тұлғасыз», – деді Баян Өмірбекқызы.

Сонымен қатар Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы Бауыржан Жақып, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті, жазушы-публицист Бигелді Ғабдуллин, «Простор» журналының бас редакторы, қаламгер Фархат Тамендаров, ақын, аудармашы, сыншы, «Простор» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстанның халық жазушысы Любовь Шашкова және басқалар сөз сөйлеп, Аслан Жамелұлының ғылыми жетістіктері мен шығармашылығын ерекше атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі