Қангужин Балтабек Есматұлы 1953 жылы 22 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. 1975 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика факультетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша бітірген. 1979-1982 жж. – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің математика кафедрасының күндізгі бөлімінің аспиранты. 1983 жылы ММУ жанындағы диссертациялық кеңесте профессор В.А.Садовничийдің жетекшілігімен «Дифференциалдық операторлардың спектрлік анализінің кері есептері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
2005 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы диссертациялық кеңесте «01.01.02 – дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады. 1975 жылдан 1978 жылға дейін – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің машина механикасы зертханасының қызметкері. 1978 жылдан 1979 жылға дейін – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің функционалдық талдау және функциялар теориясы кафедрасының стажер-зерттеушісі. 1979 жылдан 1982 жылға дейін – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің математика кафедрасы аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыған. 1983 жылдан (1997 жылдан 2001 жылға дейін үзіліспен) 2008 жылға дейін – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ математикалық талдау кафедрасының ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, профессоры. 1997 жылдан 2001 жылға дейін – Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің жоғары математика кафедрасының, 2008-2011 жылдары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математикалық талдау кафедрасының, 2012-2016 жылдары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ іргелі математика кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеген. 2009 жылдан – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.
2011 жылдан бастап Халықаралық талдау, қолдану және есептеу қоғамының (ISAAC) мүшесі. 2007-2012 жж. Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Білім мен ғылым саласындағы бақылау комитетінің математика және информатика бойынша сараптамалық кеңесінің ғалым-хатшысы болды.
Ғылыми қызығушылықтары: Трансформация формулалары және сегменттегі жоғары ретті дифференциалдық операторлардың спектрлік қасиеттері, стохастикалық талдау. Негізгі қолданбалы зерттеулері функция теориясының әдістерін қолданудағы ішкі шекаралық есептердің мәселелерімен байланысты. Негізгі оқитын курстары: математикалық талдау, математикалық физиканың геометриялық әдістері, теориялық физиканың математикалық модельдері және оларды талдау, стохастикалық талдау.
«ҚазҰУ хабаршысы», «Математика, механика, информатика» сериялары (Journal of Mathematics, Mechanics and Computer Science), «International Journal of Mathematics and Physics» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі. Уфа қаласында шығатын математикалық ғылыми журналдың шолушысы. 2002 жылы Сорос-Қазақстан қорының грантына ие болды.
Екі дүркін «Қазақстанның ең үздік ЖОО оқытушысы» (ҚР БҒМ, 2005, 2012) атанған, «Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (ҚР БҒМ, 2009), «Ы.Алтынсарин» (2013) төс белгілерімен марапатталған. 150-ден астам ғылыми жарияланымдардың (оның 30-дан астамы импакт-факторы бар халықаралық журналдарда) жеке өзі және бірлескен авторы. АҚШ, Германия, Ресей, Қытай, Польша, Түркия елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференцияларда 30-дан астам баяндама жасаған.