ҚазҰУ-да қазақ тілін оқыту әдістемелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалым, ұстаз, филология ғылымының кандидаты Қаншайым Қарабаеваның 60 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тілінің ХХІ ғасырдағы әлеуеті: лингводидактика және оқыту инновациясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға белгілі ғалымдар, тіл мамандары, Қытай, Қырғызстан, Түркия және т.б. өзге мемлекеттердің зиялы қауым өкілдері, ұстаз Қаншайым Қарабаеваның туыстары, шәкірттері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференция барысында қатысушылар қазақ тілінің ХХІ ғасырдағы әлеуеті жөнінде өзара пікір алмасып, сол бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша мәселелерді талқылады.
Жиында Қаншайым Қарабаеваның 60 жылдық мерейтойына байланысты филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекованың және А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Ә.Әміровтің құттықтау хаты оқылды. «Қаншайым Әбдутәліпқызының қазақ терминологиясы, қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқытудың теориясы мен əдістемесі бойынша жазған еңбектері өз алдына бір төбе. 2011-13 жж. Мемлекеттік тіл кафедрасы меңгерушісінің ғылым, инновация жəне халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, 2016 жылы келісімшарт негізінде ҚХР Бейжің қаласында Пекин шет тілдер университеті жанындағы «Қазақстан» орталығының директоры жəне қазақ тілі оқытушысы қызметін абыроймен атқардыңыз. Сол уақыт аралығында өзіңіздің ұйымдастырушылық қабілетіңізбен көрініп əрі ғылыми шығармашылық əлеуетіңізді де ғалым ретінде таныта білдіңіз. Қаншайым Қарабаева қазақ тіл ғылымының дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосты», – делінген құттықтау хатта.
Халықаралық конфренция барысында ф.ғ.д., А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Дина Әлкебаева, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының профессор м.а. Гүлнар Мамаева, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері Динара Исраилова, тарих ғылымының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева, ф.ғ.к., Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Шанжархан Бекмағамбетов, ф.ғ.к., Нұр-Мүбарак Мысыр ислам мәдениеті университетінің доценті Рашид Мухитдинов және т.б. ғалым-сарапшылар баяндама жасады.
Тіл білімінің қазіргі кезеңдегі мәселелерін арқау еткен конференцияда лингвистика мен лингводидактиканың даму деңгейін танытатын ғылыми ұғымдар мен түсініктер, аударма ісі тақырыптары, қазақ тіліне қатысты жарық көрген ғылыми еңбектер кеңінен қамтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі