ҚазҰУ-да салауатты өмір салтына арналған семинар өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде №7 қалалық клиникалық аурухананың білікті дәрігер мамандары студент жастарға семинар өткізді.
Онлайн және офлайн форматта өткен семинарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы Қазақ ҰПУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қорқыт ата университеті, Қыздар педагогикалық университеті және басқа да ЖОО оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты.Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының оқытушылары Ешова Жания және Жақсылықова Гүлбану шараны ұйымдастыруға мұрындық болды.
Жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған семинар БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының «Жақсы денсаулық және әл-ауқат, гендерлік теңдік» бағыттарын іске асыруға бағытталған.
Семинарда алғаш болып сөз алған ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Гүлбану Жақсылықова: «Денсаулық – әрбір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның баға жетпес байлығы. Денсаулық – толыққанды өмір сүрудің басты шарты әрі кепілі», – дей келе, 17 бөлімнен тұратын Тұрақты даму мақсаттарының негізгі мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
Өз кезегінде №7 қалалық клиникалық ауруханасының нефролог-терапевті, І дәрежелі дәрігер Назым Жұмағұлова: «Ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын біздің жастарымызды қоғамда орын алып жатқан темекі, кальян шегу, насыбай ату және басқа да зиянды әрекеттерден арылуға шақырып, оларға спортты жандарына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру – біздің басты мақсатымыз», – деді. Сондай-ақ ол жастарға дұрыс тамақтану, тазалық, жеке бас гигиенасы, денсаулыққа экологияның әсері, газдалған сусындардың адам өміріне зияны, дайын тамақтардан туындайтын аурулардың түрлері жайлы жан-жақты мағлұмат берді.
Студенттерге сессия кезіндегі күйзелістен шығу жолдары жайлы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының медициналық психологі Айгүл Қараманова құнды кеңес беріп, ол гендерлік теңдік, қоғамдағы әйел мен ер адамның орны, жастардың достары және ұстаздарымен қарым-қатынас құруындағы үйлесімділік жайлы ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ жиында студент жастар білікті мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, семинар өзара пікір алмасуға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі