Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 17 сәуір күні ХІ Республикалық «Үздік лингвист» олимпиадасы өтті. Олимпиаданың ақпараттық хаты республикамыздың барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына жіберілді. Соның нәтижесінде ғылыми олимапиадаға Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚызҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары қатысты. Олимпиаданың ұйымдастырушылары Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары филология ғылымдарының докторы Ибраева Ж.К. және филология ғылымдарының кандидаты Мамбетова М.К.
Олимпиадаға «Лингвистика», «Қазақ филологиясы», «Орыс филологиясы», «Шетел филологиясы», «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының магистранттары қатысты. «Үздік лингвист» олимпиадасы 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – тест сұрақтарын қамтыды (жалпы тіл білімі, тіл теориясы, генеологиялық, типологиялық классификация бойынша тест сұрақтары), ал екінші кезең – «Қазақстандағы цифрлық лингвистика: болашағы және даму бағыттары» атты тақырыбында презентация қорғалды.
Олимпиада өте жоғары деңгейде тартымды, тартысты өтті. Жүлделі орындарды мықты жас ғалымдар қанжығаларына байлады. Олимпиаданың жеңімпаздарына жүлделі орындармен қатар, сыйлықтар табысталды. Бірінші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты Төлегенова Мөлдір, екінші орынды әл-Фараби атындығы ҚазҰУ магистранттары Аринов Әлішер, Қарымхан Ақмарал, ҚызҰПУ магистранты Байкенова Тоғжан, үшінші орынды әл-Фараби атындығы ҚазҰУ магистранттары Маманов Болат пен Нұрланғазы Балнұр иеленді.