ОҢҒАРБАЕВ ЕРДОС КАЛИМУЛЛАҰЛЫ
Химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2017), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері (2002), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»» атағының екі мәрте иегері (2005, 2022 ж.). Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған (2014).
Ердос Калимуллаұлы Оңғарбаев 1976 жылы 9 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген. 1992 жылы «Спутник» орта мектебін күміс медальмен бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түсті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетін «химия» мамандығы бойынша 1996 жылы бакалавриатын, 1998 жылы магистратурасын үздік бітірді.
2001 жылы «мұнай химиясы» және «химиялық физика» мамандықтары бойынша «Мұнайлы қалдықтардағы физика-химиялық түрленулер және оларды кәдеге жарату тәсілдерін әзірлеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2010 жылы «мұнай химиясы» және «химиялық физика» мамандықтары бойынша «Ауыр мұнайлар мен мұнай қалдықтарын кешенді өңдеудің ғылыми негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің жетекші инженері болып жұмыс істеді. 1998 жылдан бастап Оңғарбаев Е.К. химиялық физика кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 2005 жылы «доцент» ғылыми атағын алды. 2017 жылы «профессор» ғылыми атағын алды. 2018 жылдан бастап химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры болып жұмыс істейді.
2010-2018 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің деканы қызметін атқарды. Е.К. Оңғарбаевтың жетекшілігімен химия және химиялық технология факультетінде алғаш рет ағылшын тілінде оқытатын топтар ашылды, факультет атауы «химиялық» деген атаудан «химия және химиялық технология факультеті» болып өзгертілді, факультеті кафедралары қайта құрылымданудан өтті. Факультеттің 13 білім беру бағдарламасы ASIIN агенттігінде (Германия) халықаралық аккредитациядан өтті, Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында магистрлер дайындалды және зертхана құрылды. Университет факультеттің мамандықтары бойынша жыл сайын АРТА мен СҚАА агенттіктерінің рейтингінде 1-орынға ие болды, факультет 5 жыл бойы ҚазҰУ факультеттері рейтингісінің қорытындысы бойынша 2- және 3-орындарға ие болды.
2020-2021 жылдар аралығында Қазақ-Британ техникалық университетінің энергетика және мұнай-газ индустриясы факультетінің деканы қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен факультеттің «Мұнай-газ ісі» білім беру бағдарламасы KazSEE агенттігімен бес жылға аккредитациядан өтті.
2009 жылдан бастап Жану проблемалары институтының мұнайхимиялық процестер зертханасының меңгерушісі қызметін қоса атқарады.
Оңғарбаев Е.К. - химиялық физика және мұнай химиясы саласындағы білікті маман. Оның ғылыми жұмыстарының бағыты ауыр мұнайлар мен мұнай қалдықтарын, мұнайбитумды жыныстарды өңдеу, мұнай битумдарын өндіру және түрлендірумен байланысты. 15 гранттық жобаның жетекшісі және жауапты орындаушысы болды, оның ғылыми жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты және 5 PhD докторы диссертация қорғады. Ғылыми жобаларды жүзеге асыру аясында Өзен кен орнында мұнаймен ластанған топырақты өңдейтін тәжірибелік қондырғыны өнеркәсіптік сынақтан өткізуге және тәжірибелік жол учаскесін төсеуге қатысты. Қазақстан Республикасының мұнайбитумды жыныстарынан табиғи битумдарды термиялық және ультрадыбыспен бөліп алу, Павлодар мұнай химия зауытының гудронын металсыздандыру және күкіртсіздендіру, резина үгінді қосу арқылы мұнай битумын алу және түрлендіруге арналған пилоттық қондырғыларды жасап, сынақтан өткізуге қатысты. Оның жетекшілігімен мұнаймен ластанған топырақты тазарту үшін Көксу кен орнының шунгит жыныстары негізіндегі сорбенттерге тәжірибелік сынақтар жүргізілді, резинабитумды байланыстырғыштар негізіндегі асфальтбетон қоспасының 123 тонна тәжірибелік партиясы дайындалды, тәжірибелік-эксперименттік ені 12 м, жалпы ұзындығы 80 м жол учаскесі Алматы қаласындағы көшеге төселді.
Оңғарбаев Е.К. авторлығымен 450 ғылыми еңбек жарық көрді, оның ішінде 6 монография, 10 оқулық, 22 Қазақстан Республикасының патенттері мен авторлық куәліктері, 192 мақала, 205 материалдар мен конференция баяндамаларының тезистері бар. Scopus деректер базасында 48 жарияланымы бар, Хирш индексі 9.
2002 жылы Оңғарбаев Е.К. «Ғылым» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. 2000-2001, 2004-2005, 2008-2010 жж. Қазақстан Республикасының талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының, 2006 және 2022 жылдары – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының жас ғалымдарға арналған іргелі ғылыми зерттеулер грантының иегері атанды. 2014 жылы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі табыстары үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. 2017 жылы ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің «Химиялық инженерия» бағыты бойынша Сараптау кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» және «Жарылғыш заттар мен пиротехниканың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің төрағасының орынбасары, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау орталығының сарапшысы, «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша РОӘБ мүшесі, «Eurasian Chemico-Technological Journal» журналының бас редакторының орынбасары, «Горение и плазмохимия», «Chemical and Materials Engineering» ғылыми журналдарының редакциялық алқасының мүшесі.