КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

18 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 18 сәуір күні Алматы қаласы, Бостандық ауданы №189 жалпы білім беретін орта мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстарын қарқынды жүргізіп қайтты. 
Кәсіби бағдар беру жұмысының мақсаты –  мектеп бітіруші түлектерге, жұмыс берушілер мен  қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне «6В01701–Қазақ тілі мен әдебиеті», «6В02304–Әдебиеттану» мамандықтарының білім беру бағдарламаларымен таныстыру, білім бағдарламалары туралы жұмыс берушілердің ұсыныс пікірлерін тыңдау, мамандық бойынша сұраныстарын айқындау.  Жұмыс берушілер де білім беру бағдарламаларына қызығушылықтарын танытып, өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Кездесу барысында мектеп бітірушілер мен пән мұғалімдерінің өзекті сұрақтарына толық жауаптар берілді.
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Алуа Берікбайқызы Темірболат  факультет  мамандықтарына және «6В02304– Әдебиеттану» мамандығына  кеңірек тоқталып, бұл мамандықтың екі тілде (қазақ, орыс) оқытылуы туралы және мамандық таңдаудағы пәндерді нақты сипаттап,  мектеп оқушыларының сұрақтарына  ұтымды жауаптар берді. Сонымен қатар, ағылшын тілін жетік меңгерген студенттер қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында, шетелде  білім алу мүмкіндігіне ие болатынын ерекше атап өтті.
Кафедра оқытушысы ф.ғ.к., профессор м.а. Болатхан Сарбасов Қазақ ұлттық университетінің тарихына,  ғылыми-зерттеу  үйірмелері мен мұражай жұмыстарына ерекше тоқталып, факультеттегі атаулы дәрісханалар мен университеттің «Фараби» кітапханасына және ғылыми кітапхана қорымен, электронды оқулықтар мен сайттарды мектеп оқушыларына таныстырып, жан-жақты ақпараттар берді. 
Кездесу соңында мектеп оқушыларына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» газеті таратылып, мектеп бітірушілер  университетке оқуға шақырылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университеті 90 жылдық  тарихы бар беделді оқу орындардың бірі. Бүгінде университеттің он алты факультетінде бірнеше мамандықтар бойынша педагог және ғылыми мамандар даярлайды. Университет түлектері еліміздің орта мектептерінде, арнайы оқу орындарында және қоғамдық-әлеуметтік басқа салаларда табысты қызмет етуде.