ҚазҰУ-да жаңа проректор тағайындалды

22 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры лауазымына педагогика ғылымының докторы, профессор Алтай Ғабдрахманұлы Қазмағамбетов тағайындалды.

ҚР ғылым және жоғары білім министрінің жарлығымен тағайындалған Алтай Қазмағамбетовті операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов оқу ордасының ұжымына таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Алтай Ғабдрахманұлы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін «География-биология» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Еңбек жолын Алматы қаласындағы №65 орта мектепте география пəнi мұғалiмi болып бастаған. 1990-91 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының Педагогика кафедрасында оқытушы, кейін доцент және профессор болып жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтады. 2004-06 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президент қызметін атқарды.

2006 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті президентінің Анкара қаласындағы вице-президенті болды. 2007-08 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болып табысты жұмыс істеді. 2008-11 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі