Қытай консулдығы ҚазҰУ ғалымдарын марапаттады
Қытай Халық Республикасының Алматыдағы консулдығы Қытайды зерттеуші ғалымдар мен ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының және қытай тілі мен мәдениеті бойынша дәріс беретін оқытушыларды марапаттады.
Марапаттау рәсімі «Қытай классикалық поэзия кеші» аясында өтті. Шараны Халықаралық қытай тілі күніне орай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қытайдың Алматыдағы консулдығы бірлесе ұйымдастырды.
Жиында Алматы қаласының оқу орындарында қытай тілін меңгеретін студенттер мен оқушылар Қытай поэзиясының жауһарларынан үзінділер оқыды. Қытай тілі мен поэзиясының сұлулығын толық әрі әдемі бейнелейтін өлең көрермендерді баурап, тыңдармандарға ерекше поэтикалық көңіл күй сыйлады.
Маңызды мәдени шара аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының оқытушылары Ф.Оразақынқызы, Е.Керімбаев, Д.Дауен «Қытай тілі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ профессорлар Н.Алдабек пен Н.Мұқаметханұлы қытай тілі мен мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі