ҚазҰУ-да Якутия қаламгерлерімен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасында Якутия жазушылар одағы өкілдерімен шығармашылық кездесу өтті.
Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының күндері аясында ұйымдастырылған шараға Саха Республикасының халық жазушысы, «Руханият» академиясының вице-президенті Николай Лугинов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, Ресей жазушылар одағының хатшысы Наталья Харлампьева, Якутия жазушылар одағының төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы, ақын Гаврил Андросов, ақын, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «Алта» баспасының директоры Зинаида Архипова, жазушы, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «Чолбон» журналы бас редакторының орынбасары Данил Макеев қатысты.
Қонақтарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов қарсы алып, соңғы уақыттарда қазақ-саха байланыстарының жаңа бағытта дамып келе жатқанына тоқталды.
«Сахалар – қазаққа жақын түркітілдес халықтардың бірі. Біздің рухани қарым-қатынастарымыз жандана бастағанына қуаныштымын. Якутияның түркі әлемімен тамырлас екенін паш ететін әдеби шығармалар мен ғылыми еңбектерді кейінгі жастар білуге тиіс. Көркем аударма арқылы бір-бірімізді жақын танып, мәдени ынтымақтастықты арттыру және кітап оқу мәдениетін дамыту маңызды. ҚазҰУ-дың Түркология кафедрасының саха ғалымдарымен ғылыми байланыстары бар. Алдағы уақытта да ортақ мақсаттарда бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз», – деп атап өтті Еркін Ерманұлы.
Якутия қаламгерлері өз шығармашылықтарымен таныстырып, саха тілінде өз өлеңдерін оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
«Халықаралық кітап және авторлық құқық күні қарсаңында студент жастармен кездесу бізге ерекше әсер қалдырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуеті зор. Әлемдік деңгейдегі білім ордасында шығармашылық кездесу өткізу біз үшін үлкен мәртебе», – деді Наталья Харлампьева.
Кездесу соңында Якутия делегациясы Фараби кітапханасына саха тіліндегі және қазақ тіліне аударылған әдеби кітаптарды сыйға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі