ҚазҰУ-да «Болашақтың сұранысқа ие мамандықтары» байқауы өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Болашақтың сұранысқа ие мамандықтары» тақырыбында шешендік өнер байқауының 2-ші туры өтті.
Байқауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасының 2-ші және 4-курс студенттері мен Н.П.Огорев атындағы Мордовия мемлекеттік ғылыми-зерттеу университетінің (ММУ) студенттері қатысты.
Байқаудың мақсаты – өзін-өзі жүзеге асыру және әлеуметтік бейімделу құралы ретінде қытай тілінде көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіру. Сондай-ақ студенттер арасында мәдениетаралық коммуникацияны дамыту.
Байқауды ф.ғ.к., доцент Фатимабибі Дәулетқызы, PhD доктор Нұржан Сапарбаев және Мордовия университетінің оқытушысы Чжу Вэй Хуэй құрамында бар беделді қазылар алқасы бағалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті деканының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Үмітай Әмірбекова, Н.П.Огорев атындағы Мордовия мемлекеттік ғылыми-зерттеу университеті шет тілдер факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Елена Бабенкова және Ағылшын филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Константин Свойкин құттықтау сөз сөйледі.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: 1-орынды Ақбота Жанаділ (ҚазҰУ) мен Вероника Латышкова (Н.П.Огорев ат. ММУ) бөлісті. 2-орын – Алуа Жебегенқызы (ҚазҰУ) және Виктория Тюгаева (Н.П.Огорев ат. ММУ), 3-орын – Нұрсая Нұрланқызы (ҚазҰУ), Земфира Салькаева және Полина Илькина (Н.П.Огорев ат. ММУ).
Халықаралық байқауға қатысу студенттерге құнды тәжірибе алмасуға, таланттарын көрсетуге және жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік берді. Мұндай байқаулар студенттерді жаңа жеңістерге ынталандырады, өзіне деген сенімділікті арттырады. Ең бастысы – студенттер Ресей студенттерімен және оқытушыларымен араласып, жаңа достар тапты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі