ҚазҰУ Халықаралық кітап күнін кең көлемде атап өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық кітап және авторлық құқық күні кең көлемде аталып өтті.
Айтулы датаға орай, Фараби кітапханасында «Ұмытылған кітаптарды еске алайық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл шара оқу ордасында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Онда түрлі жанрдағы кітаптар, ХХ ғасырда жарыққа шыққан газеттер мен журналдардың түпнұсқалары қойылған.
Көрмеге кітапхана оқырмандары, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.
Келушілерге кітапхана директорының міндетін атқарушы Жадыра Арекенова көрмеге қойылған кітаптар мен газеттердің шығу тарихын, мән-мағынасын, мазмұнын түсіндіріп, толық ақпарат берді.
Еске сала кетейік, Фараби кітапханасы Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие. Кітапханада 2 млн-нан астам кітап қоры бар.
Көрме барысында студенттер 2022 жылы ашылған Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын және негізгі кітап сақтау қорын аралап көрді. Жастар мұнда ертедегі кітаптар мен ғалымдар жазған қолжазбалармен танысуға мол мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Халықаралық кітап күнін атап өтуге факультеттер де белсенді атсалысты. Мәселен, медицина және денсаулық сақтау факультеті «Жаңа кітап беттерін парақтау» атты жаңа түскен кітаптар көрмесін өткізіп, студенттерге медицина саласы бойынша үздік кітаптар ұсынылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі