ҚазҰУ 10 млн теңгенің көмегін көрсетті

24 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті су тасқыны болып жатқан Батыс Қазақстан  облысына 5 млн теңгеге 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

 

Сондай-ақ су тасқынынан үйлері зардап шеккен 50 студентке 100 мың теңгеден жәрдемақы тағайындады.

Жиналған көмектің жалпы соммасы 10 млн теңгені құрайды.

9 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен оқу ордасының базасында арнайы қайырымдылық пункті ашылған болатын.

Акцияға университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушы жастар белсенді атсалысты.

Орал қаласына жіберілген гуманитарлық көмек тізімінде жаңа киім-кешектер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, карематтар,  бұзылмайтын тағамдар, ауызсу,  төсек-орын жабдықтары, резеңке етіктер мен қолғаптар және т.б. қажетті заттар бар.

Оның ішінде 250 қалың төсеніш, 500 көрпе, 300 жастық, 700 сүлгі, 400 кір сабын, 500 литр сұйық сабын бар. Сондай-ақ 1300 келі макарон өнімдері, 200 келі қарақұмық, 500 келі күріш, 200 келі қант сияқты ұзақ сақталатын тағам түрлері жөнелтілді.

Үйлері суға кеткен және қалпына келтіруге жарамсыз студенттерді қолдау қаражаты жеке өздеріне аударылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі