ҚазҰУ-да кітапханалық технологияларды дамыту сабақтары өтті
Фараби кітапханасында ИРБИС мектебі өтуде. Мектеп барысында кітапхана каталогизаторлары, комплектаторлары, IT-мамандары және қызмет көрсету бөлімдерінің қызметкерлері үшін ИРБИС жүйесінде жұмыс технологиялары бойынша тәжірибелік және ақпараттық сабақтар өткізілді.
Тағылымдама сабақтарын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «ЭйВиДиКазахстан» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.
ИРБИС мектебінің семинарына Қазақстанның жоғары оқу орындары кітапханаларынан, атап айтқанда: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан, Қазақстан-Неміс университетінен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен, Қазақ ұлттық өнер университетінен, Қазақстан-Ресей медициналық университетінен, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен, академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан және Қарасай аудандық кітапханасынан – барлығы 35 адам қатысты.
Сабақ барысында «ЭйВиДиКазахстан» компаниясының сарапшылары жұмыс процестерін автоматтандыруға және кітапханалардың цифрлық сервистерін кеңейтуге арналған жаңа технологиялармен және шешімдермен таныстырды.
Сондай-ақ қатысушылар кітапханаға жаңа технологияларды енгізу және интеграциялау мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі