ҚазҰУ-да Қазақстандағы ұлттық бірегейлік тақырыбы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым-тарихшы, профессор Төреғали Қаратаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қазіргі Қазақстандағы ұлттық бірегейлік: тарихи тамыры және қазіргі тенденциялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жоғары оқу орнына дейінгі факультетінің Дайындық кафедрасы ұйымдастырған іс-шараға шетелдік мамандар, отандық ЖОО-ның гуманитарлық ғылым саласындағы ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Жоғары оқу орнына дейінгі факультет деканы Спатай Сартаев ҚазҰУ-да ұзақ жыл қызмет атқарған Төреғали Қаратаевтың 90 жылдық мерейтойы университетіміздің 90 жылдығымен қатар келіп отырғанын атап өтті.
Төреғали Қаратаев еңбек жолын ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінен бастаған, 2000 жылдан бастап университетіміздің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Дайындық кафедрасында алыс-жақын шетелден келген қандас тыңдаушыларға Қазақстан тарихы пәнінен 2019 жылға дейін сабақ берді. Факультет қабырғасында қызмет ете жүріп, 200-ден астам мақала, 20-дан астам оқу құралын шығарды. Төреғали Қаратаев – тарих ғылымының кандидаты, профессор, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, КСРО жоғары білім саласындағы «Жоғары білімнің үздігі», білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және де бірнеше арнайы медаль, төсбелгілермен марапатталған. «Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз болған тұлғаның өнегелі ісін бүгінде ізбасар шәкірттері жалғастыруда», – деді декан Спатай Сартаев.
Пленарлық мәжіліс барысында тарих ғылымының кандидаты, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және халықаралық тілдер кафедрасының доценті Ажар Ахметжанова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ж.Баласағұн атындағы ұлттық университеті филиалының директоры, тарих ғылымының кандидаты, доцент Жұмағұл Байдилдеев, Алматы технологиялық университеті Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты Факия Шамшиденова және басқалар баяндама жасады.
Ғалымдар қазіргі Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті зерттеуді талқылай отырып, ұлттың тарихи тамыры мен қазіргі тенденцияларына ерекше назар аударды.
Конференция жұмысы панельдік сессиялармен жалғасып, тиісті қорытынды шығарылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі