ҚазҰУ «жасыл» бастамаларды қолдайды

25 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына арналған «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» атты X мерейтойлық халықаралық жастар форумы басталды.

 

«Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» форумы бастау алу кезеңінен бері жас ғалымдар мен студенттер арасында «жасыл» бастамаларды ілгерілетудің заманауи тенденцияларын, Жер және қоршаған орта туралы ғылымдарды зерттеу нәтижелерін талқылайтын нағыз халықаралық диалог алаңына айналды. Шараның өзектілігі тұрақты даму стратегиясына сәйкес келеді.

Форумның ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі –академиялық мәселелер жөніндегі проректор, профессор Алтай Қазмағамбетов сөз алып, «ҚазҰУ-дың «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» халықаралық жастар форумы біздің университет үшін өте маңызды бастама. Оны ұйымдастыру идеясы 2012 жылы Рио-де-Жанейродағы мыңжылдық саммитінен басталады. ТМД елдерінің қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – саммитте жеке секция өткізу құқығын алғандардың бірі. Форум идеологиясы БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жаһандық мақсаттарына сүйенеді және жас ұрпақтың бүкіл ғалам болашағы үшін саналы жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған», – деді проректор. 

Алматыдағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек форумның маңыздылығын атап өтіп, «Көптеген жылдар бойы өзекті және маңызды тақырыптар «Жасыл көпір» форматында талқылануда. Осы қозғалысты қолдауларыңызға және тұрақты даму мақсаттары бойынша табысқа жету бағытында алға деген талпыныстарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді. Сондай-ақ жиында ҚР Парламенті Мәжілісі қоғамдық палатасының сарапшысы, климаттық саммитке қатысушы Айжан Сқақова, XCSS-CROSS COUNTRY SKIING SAND компаниясының президенті Эстель Пейн (Франция),  ОАӨЭО атқарушы директоры Зафар Махмудов, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Манатбаев, Шыңжаң экология және география институты директорының орынбасары Джилили Абдувайли (Қытай) және басқалар сөз сөйлеп, баяндама жасады.

ЮНЕСКО-ның алыс шетелдерден келген Тұрақты даму кафедрасының серіктестері қатысушыларды онлайн форматта айтулы датамен құттықтады. Ғаламшардың өзекті экологиялық мәселелерін шешуде мемлекеттік құрылымдарды, өнеркәсіпті, түрлі ұрпақ жұртшылығын біріктірген «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» форумының пайда болу тарихы мен дамуы жайлы бейнеролик көрсетілді.

Форум пленарлық және секциялық отырыстар шеңберінде «Климаттың қазіргі заманғы өзгеруі, геожүйелердің экологиялық тұрақтылығы және тіршілік қауіпсіздігі», «География, жерге орналастыру және кадастр проблемаларын шешу үшін геожүйелерді геоақпараттық картаға түсіру және модельдеу», «Тұрақты туризм және қонақжайлылық: ғылым, практика, бастамалар», «Тұрақты болашақ» және басқа да бағыттар бойынша жұмысын жалғастырады. Форум жұмысында білім алушы жастар мен магистрант, докторанттар және жас ғалымдар белсенділік танытатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі