ҚазҰУ-да есеп және аудит білім беру бағдарламасы бойынша олимпиада өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) үшін цифрлық экономика жағдайындағы есеп, аудит және талдаудың өзекті мәселелері» атты XVІ Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.
ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің қаржы және есеп кафедрасы ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен студент жастар қатысты.
Олимпиаданы Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ләйла Бимендиева ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі олимпиада «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін айтулы жыл. Себебі ағымдағы жылы көшбасшы оқу ордасының құрылғанына – 90 жыл. Сонымен қатар іргелі факультеттердің бірі – Экономика және бизнес жоғары мектебінің құрылғанына – 75 жыл. Олимпиада болашақ экономист мамандарының кәсіби қабілеттерін дамытуды анықтауға және дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған», – деді декан.
Олимпиадаға 12 команда қатысуға ниет білдірді. Бірінші кезең қорытындысы бойынша үздік деп танылған 8 команда екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде 8 команда есептерді шығарып, тест сұрақтарына жауап берді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы технологиялық университетінің командасы иеленсе, екінші орынға AlmaU мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командалары жайғасты. Ал үшінші орынға Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің, Тұран университетінің және Каспий университетінің командасы ие болды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі