ҚазҰУ-дың 500 студенті «Жасыл аймақ» апталығына қатысты

27 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім алушылары «Жасыл аймақ» апталығында белсенділік танытып, республикалық сенбілікке белсенді қатысты. Аталған науқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке қатысып, Астанадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды.

«Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет», – деді Президент өз сөзінде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза кампус» жобасы жоспарланып, бекітілді. Бес апта ішінде білім ордасының оқытушылары, қызметкерлері және студенттері көшеттер отырғызып, оқу ғимараттары мен аудиторияларда, кеңселерде, орталықтарда тазарту жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар Әл-Фараби және Ө.Жолдасбеков ескерткіштері, «Мәңгілік ел» сағат стеласы, ғимараттардың қасбеттері мен терезелері жуылып, қарттар үйіне жәрдемдесу көзделген.

ҚазҰУ жастары бүгінгі науқан аясында Алматыдағы Алатау ауданында тазалық жұмыстарын жүргізді. Көшеттердің түбі қопсытылып, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар шығарылды. Сонымен қатар студенттер «Қарағайлы» саябағында көшеттер отырғызуға қатысып, аумақ экологиясын жақсартуға үлес қосты.

 «Алматы – баршамыздың ортақ үйіміз. Әсем қаланы таза ұстау, қоқыстардан тазарту және қоршаған ортаны аялау мақсатында көшеттер отырғызу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан бұл науқаннан қалыс қалмау  қоғамдық парызымыз», – деді ҚазҰУ-дың 2-курс студенті Әбен Сағымбеков.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі