ҚазҰУ-да Фараби кинофестивалі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түркі әлемінің кино және медиа факультеттерінің студенттеріне арналған Farabi Film Festival кинофестивалі өтті.
Іс-шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен университеттің технологиялар мен креативті индустрияны коммерцияландыру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған кинофестивальға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан және Түрікменстан студенттері, оқытушылары мен кинематографистері қатысты.
Фестивальдің мақсаты – жас кинематографистерді қолдау және олардың осы салада одан әрі кәсіби өсуі үшін жағдай жасау, студенттік шығармашылықты дәріптеу, түркі халықтары арасындағы достықты насихаттау, рухани әлемді байыту, жастардың дүниетанымын кеңейту.
Ашылу салтанатында Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, жас таланттарға табыс тіледі. «Бүгін алғаш рет түркі елдерінің студенттік кинофестивалі өтуде. Бұл маңызды іс-шара студенттердің кинематография өнеріндегі тәжірибелерін шыңдауға, мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз», – деп атап өтті проректор.
ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Юсуф Саед, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы басшысының өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Омаров, режиссер Мұрат Есжан сынды танымал киногерлер бұл фестиваль жас авторларға берілген үлкен шығармашылық мүмкіндік екенін айтты.
Көрсетілім бағдарламасында түркітілдес елдердің кино және өнер факультеттерінде этнографиялық деректі фильм, киноэссе, кинобақылау, портрет (деректі байопик), эксперименттік фильм, деректі анимация жанрларында оқитын студенттердің 70-ке жуық картиналары ұсынылған.
Іс-шара аясында Farabi Film Festival жеңімпаздары ТҮРКСОЙ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сыйлықтарымен және дипломдарымен марапатталды.
Қырғыз-түрік Манас университетінің студенті Саадат Қазақбаева «Ақшамдағы қоңырау» фильмі үшін ҚазҰУ-дың бас жүлдесін жеңіп алды.
Түрікменстан кинофакультеті студенттерінің жетекшісі, режиссер Искандермухамед Аннамухамедов «Дутар әуезі» фильмі үшін ТЮРКСОЙ-дың бас жүлдесін иеленді.
Фестиваль номинаттары арасында Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстаннан келген талантты жастар бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінен Диас Юсуфтың «Boyau», Аднан әл-Хаттабтың «Hasib Untold Story», Олжас Павликтің «ҚазҰУ: тарих пен білім мекені» атты фильмдері ерекше деп танылды.
Айта кету керек, 2021 жылдан бері ҚазҰУ-да «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылып, шығармашылық шеберлікті шыңдайтын, креативті өнім жасауға қабілетті кино және медиа саласындағы сұранысқа ие кадрлар даярлануда.
Фестиваль алдағы жылдары жалғасын тауып, дарынды киногерлер мен жас режиссерлердің өнердегі алғашқы баспалдағына айналады деп сенеміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі