ҚазҰУ Бизнес-мектебі қытайлық әріптестерімен байланысын нығайтты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бизнес-мектебінің өкілдері Қытайға іссапармен барып, бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты.
20 сәуірде Al-Farabi Business School делегациясы Қытайдың ғылыми алмасу сервис орталығы ұйымдастырған China International Education Exhibition Tour (CIEET 2024) көрмесіне қатысты. Көрмеде Бизнес-мектеп өкілдері әлемнің жетекші университеттерінің өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастықтың барлық нұсқаларын талқылауға келісті.
22 сәуірде делегация Куньмин қаласындағы Yunnan University of Finance and Economics оқу орнына барды. Бизнес-мектеп делегациясы университеттің жоғары басшылығымен, оның ішінде профессор және халықаралық ынтымақтастық және алмасу бөлімінің директоры Ю Йонг, сондай-ақ Бизнес-мектептің деканы Янг Цзэнсюанмен кездесуге қатысты. Qidi Central Asia Development Group бас менеджері Лю Чжиюн білім беру саласында сондай-ақ тәжірибе мен тағылымдамадан өту мәселесі бойынша компаниялардың белсенді қатысу қажеттілігі туралы пікірін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша бизнес-мектептер мен кәсіпорындар арасындағы үшжақты ынтымақтастықты арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл студенттердің жұмысқа орналастыру арналары мен ресурстарын кеңейтуі тиіс.
23 сәуірде делегация Шанхай қаласындағы екі жетекші университетте болды: University of Shanghai for Science and Technology (USST) және Business School және Shanghai University, School of Economics.
Кездесу барысында тараптар бизнес білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, қосдипломдық бағдарламаларды іске асырудағы және студенттер мен оқытушылар алмасуды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі