Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігінің толық мүшесі – Академигі, «Қазақ тілі оқытушыларының Халықаралық Бірлестігінің» президенті Анар Салқынбай Бекмырзақызының «Қазіргі қазақ тілі», «Шаһкәрім шыққан шың», "Әлемнің когнитивтік бейнесі: қазақ тіліндегі ұлттық кодтар" атты еңбектерінің тұсаукесері болып өтті. Ғалымның туындылары қазақ ғылымын байыта түсіп, құнды кітаптар қорын толықтырды. Бұл кітаптарды оқу арқылы және материалдарын игеру нәтижесінде ертеңгі жоғары білімді маманның ойында, санасында тіл арқылы берілетін білім, білік, ұлттық таным қалыптасады. Бүкіл мәдениет теңізінің негізгі қайнар бастауы саналатын тілдің қазіргі даму жүйесі мен желісін меңгертеді.
Ғалымның «Шаһкәрім шыққан шың» еңбегінде оның кемелділікке, ой және адам жанының тазалығына ұмтылу туралы идеяларын тілдік тұрғыдан нақтылап, Шаһкәрім өлеңдеріндегі имандылық концептісі әрбір қазақ үшін маңызды бағдарға айналуы керек деп ой түйіндейді.
Тұсаукесер кеші ерекше форматта өтті. Студент жастарға ғалымның жаңа қырларын таныту мақсатында ұйымдастырылған кеште әсем ән мен күмбірлеген күйдің де дауысы естілді. Жүрекжарды өлеңін арнаған шәкірттердің де жыр-шумақтары болды. Ғалым мен студент жастардың арасында ерекше байланыс орнап, жүректен шыққан сөздер жүрекке жетті. Тағылымы мол ғұмырдың иесі Анар Бекмырзақызының балалық шағына, жалындап тұрған жастық кезіне және дана Абай айтқан «Толық адам» ілімінен сусындаған кемелденген шағынан сыр шертілді.
Кітаптың тұсаукесерін естіген оқырмандар ішінен Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің исламтану кафедрасының доценті, ф.ғ к.Рашид Мұхитдинов мырза «Шаһкәрім шыққан шың» кітабын арнайы іздеп келіп, ғалымның кітаптарының тұсаукесерінде автордың өзінен алу бұйырыпты. Кітаптардың тұсауын ф.ғ.к., доцент Сәуле Жусанбаева мен ф.ғ.д., профессор Дина Әлкебаева кесті.
Ғалымның ұлт руханиятына, қазақ тіл білімі мен ғылымына сіңірген еңбектері туралы ф.ғ.к., доцент Сәуле Жусанбаева, ф.ғ.д., профессор Дина Әлкебаева, ф.ғ.к., аға оқытушы Шайгүл Рамазанова, ф.ғ.к., аға оқытушы Ж.Сәткенова, ф.ғ.к., доцент Қ.Мұқамади, ф.ғ.к., доцент м.а. Жанар Абитжановалар баяндама оқыды. Ғалымның адамдық-тұлғалық болмысы, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосып жүрген зор үлесі туралы, осы кезге дейін жарық көрген 10 монография, 17 оқулық пен оқу құралы, 700-дей ғылыми мақалалары ұстаздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының жемісі екендігі баяндамаларда жан-жақты қамтылды.
Ғалымның әл-Фарабидей әлемдік ғұламаның атын иеленген осы қасиетті білім ордасының түлегі екендігін, университет қабырғасында жемісті еңбек еткендігін бүгінде ҚазҰУ-дағы әріптестері мен кейінгі буын шәкірттер әрдайым мақтан тұтатынындығы сөз етілді. Аталған іс-шараны Анар Бекмырзақызының ғылыми мектебінің шәкірттері ұйымдастырды.
Өнегелі өмірдің нағыз үлгісін танытып жүрген ғалымның ізденіс пен еңбекке толы ғибратты ғұмыры әрине кейінгі буынға үлкен өнеге екендігі анық.