ENACTUS KazNU экожоба байқауында топ жарды

6 мамыр, 2024

ENACTUS KazNU командасы ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2024 мектеп және студенттік кәсіпкерліктің ұлттық кубогына қатысып, жеңімпаз атанды.

Кубокқа еліміздің 26 колледжі мен 42 жоғары оқу орнының білім  алушылары қатысып, озық идеяларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. ҚазҰУ командасы үздіктер қатарынан көрініп, Early Stage лигасында топ жарды.

Алғашқы күнгі бағдарламада әртүрлі лигалардың іріктеу турлары, «Экожүйе» тақырыбындағы стартап-идеялар жарысы, қаржылық сауаттылық бойынша Smile Race турнирі және басқа да жобалар жәрмеңкесі өтті.

ENACTUS KazNU командасы AsylZher – қалдықтар мен минералдарды қайта өңдеу технологиясы негізінде жасалған инновациялық тыңайтқыш және өсімдіктерге арналған өсу стимуляторы жобасын ұсынды. Тыңайтқыш топырақтың құнарлылығын жақсартады, өсімдіктердің өсуін белсендіреді, қоршаған ортаға теріс әсерге төзімді. Экологиялық талаптарға сай, бұл бірегей өнім ауыл шаруашылығы мен бау-бақша шаруашылығына қажет. Бұл өнім жобалар жәрмеңкесінде жоғары сатылымға ие болды.

Белгілі кәсіпкерлер AsylZher-ге белсенді қызығушылық танытып, меценат Райымбек Баталов бұл өнімді өзінің ауылшаруашылық өндірісінде пайдалануға ниет білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі